«Осы шаруаны бір жақты қылып алайын, сосын бәрі күшті болады» деп өзіңізге жиі айтасыз ба? Сол шешімі табылған мәселенің соңынан келесісінің төбесі көрініп, тағы да жаңағы сөзді қайталайсыз ба? Құдды осы кезең өткеннен кейін бақытты ғұмыр кешіп кететіндей, ұдайы бәрін алдағы уақыттың еншісіне бере беретін болсаңыз, бәлкім сізде өмірді кейінге қалдыру синдромы бар шығар? Ол қандай синдром? Оның нендей белгілері бар? Қалай құтылуға болады? Осы туралы айтамыз.
Кешіктірілген өмір не бәрін кейінге қалдыру синдромы деген не?
Қазіргі сүріп жатқан өмірін болашақта болатын бір маңызды дүниеге дайындық ретінде қабылдап, өзін соған сендіруді «кешіктірілген өмір немесе бәрін кейінге қалдыру синдромы» деп аталады. Яғни мұндай адамдар өзінің толық бақытты болуы қазіргі болып жатқан мәселе шешілуіне байланысты деп ойлайды. Ресми түрде психологиялық бұзылыстар қатарына кірмесе де, бұл синдром адам өміріне тигізетін кері әсері көп.
Бұл терминді 1990 жылдардың ортасында ресейлік психолог Владимир Серкин ойлап тапқан. Ресейдің солтүстік аймақтарындағы қалалар мен ауылдардың тұрғындарын зерттеп жүрген психолог мынадай бір қызық жайтты байқайды: мұндағы тұрғындардың дені болашақта жылы жаққа көшемін деген оймен жүреді екен. Сөйтіп алда болатын көші-қонды нағыз өмірдің бастауына балап, ал қазіргі күйін тек соған дайындық ретінде қабылдайды. Мысалы, Серкин сұхбаттасып, сөйлескен магадандық студенттер солтүстік жақта шаңырақ көтеріп, үй алып, мансап құру мүмкін емес деп ойлайды екен. Олардың айтуынша, осы айтылған нәрселер Ресейдің орталығына не оңтүстік аймағына қарай көшсе ғана болады дейді-мыс. Серкин осындай кейінге қалдырыла беретін өмір сценарийі Ресейдің солтүстік облыстарындағы тұрғындарға ғана тән емес екенін айтады. Мысалы, мұндай феномен ағылшындар арасында да бар екенін Редьярд Киплиңнен білеміз. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында колониялық Үндістанда 20-30 жылдап әскерде болған ағылшындардың дені нағыз бақытты өмір елге оралған соң басталады деп сенген екен. Осындай дүниелер жиі байқалған соң, ғалымдар мұндай синдром суық жақта тұратындарда ғана емес, жалпы кез келген аймақта тұратындарда да бола береді деп пайымдаған. Демек бұл синдром сіздің бойыңыздан да табылуы ғажап емес.
Синдромның басты белгілері
- Болашақта болатын бір оқиғаларды үнемі ойластыра береді. Ол мереке, демалыс, зейнетке шығу, отбасылы болу, қарыздан құтылу, көлемді бір зат сатып алу және т.б. болуы мүмкін. Сол нәрсені күтіп жүргенде, ол адам оптимизмге толы күйде жүреді. Қазір қиын болса да, сол нәрсе үшін шыдауға барын салады.
- Жоспарды кейінге қалдыру үшін сылтау тауып ала береді. Айталық, «үйленейін десем, жинаған ақшам әлі жеткіліксіз», «ел көріп, жер көрейін десем, балалар әлі кішкентай», «әдемі көйлек алайын десем, арықтап үлгермедім» деген сыңайдағы сөздерді жиі айтады. Осы сөздермен өзін ақтауға тырысады.
- Жаңа заттарды қолдануға батпайды. Су жаңа костюмін тойға киіп баруға қимайды. Одан да маңызды күні киемін деп ойлайды. Жаңа сервизімен шай ішуге қорқады. Ескісімен ішіп жүре берген қолайлырақ. Сөйтіп жүргенде қолданылмаған, ашылмаған күйі шаң басып тұра береді.
- Қолда бар дүниеге қуана алмайды. Өзін сынай береді. Қабылдап жатқан шешіміне күдікпен қарайтындықтан, қазіргі өміріндегі жақсы дүниелерді байқай алмайды. Фокусы басқа жақта.
Ең жиі айтылатын сөздер
- «Қазір үй алып алайық. Сосын бәрі басқаша болады»;
- «Қазір ең бастысы көп ақша табу ғана»;
- «Балаларымның болашағы жарқын болсын деп барымды салып жатырмын»;
- «Бес жылдай күте тұр. Сосын басқа жаққа көшеміз»;
- «Осыдан директор болайын, сосын бақытты болып кетемін»;
- «Ешкіммен танысып, кездесе алмаймын. Өйткені қазір толықтаумын. Арықтап алайын, сосын танысамын»;
- «Қазір өз басымды өзім алып жүре алмай жүрмін. Үйлену тұрмақ, үйде мысық та асырайтын шамам жоқ»
Өмірді сүруді кейінге қалдыруға неге бейілміз?
- Кәсіби қызметке байланысты. Біреу вахтада істейді, біреу шығармашылықпн айналысады. Енді бірі лауазымды қызметте, бизнесі бар. Халық арасында барлық күш пен фокусты жұмысқа қою керек деген стереотип болғандықтан, кей адамдар бәрінен баз кешіп, назарын жұмысқа ғана салады.
- Ауа райы қолайсыз жақта тұратындар. Айталық, өте ыстық не суық климаты бар аймақтағыларға тән. Экологиясы нашар жердің тұрғындары да солай.
- Әлеуметтік және экономикалық жағдайы ауыр кезде. Мысалы, тұрғындардың дені жақсы өмір сүре алатын деңгейге жете алмай жүрсе, «болашақта жақсы нәрсе бола қалса, барлығы бақытты өмір сүріп кетеді» деген оймен жүреді. Сөйтіп дәл қазіргі психологиялық қысымды ойша азайтады.
- Психологиялық ерекшеліктерге байланысты. Ішінде эмоциялық ресурсы жетпеген кезде, өзіне сенімсіз болғанда, бастан өткерген әлдебір жарақаттар мен тәрбиедегі ерекшеліктерге әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан өз өміріне өзі жауапкершілік ала алмай, нық қадам басуға қорқақтайды.
Мұндай синдромның қандай қаупі бар?
Бәрін кейінге қалдыру арқылы өмір сүрген адамның бойында негатив мінез-құлық пайда болуы мүмкін. Атап айтқанда мынадай:
- Сіз мақсатыңызға жету үшін сол жолда барыңызды саласыз. Сөйтіп соған кедергі болуы мүмкін кез келген дүниені ысырып тастайсыз. Айталық, алда болатын маңызды жарысты ойлап, спортшылар достарымен, туыстарымен араласудан қалып, тамақ режимін де, жаттығуын да қатаң тәртіпке салып қояды. Сол сияқты бизнес иелері, басшылық қызметтегілер, шығармашылықпен айналысатын адамдар шамадан тыс еңбекқор болып жатады. Яғни жұмысына адал болып, қызмет еткен сайын жетер жетістігі көп болса, олар барлық фокусты жұмысқа қойып, жан-жағын ескермей кетеді.
- Басқа адамдардың күйін күйттеп, жағдайын жасаймын деп өзін ұмытып кететіндер болады. Көбіне аналар, үй шаруасымен айналысатын әйелдер, жолдасы лауазымды қызметте істейтіндер, өнер адамдарына тән. Мұндай адамдар көбіне жақындарының жағдайын жасау үшін өз қызығушылықтарын тәрк етеді. Өз өмірін айтарлықтай маңызды деп санамай, жақындарын жоғары қояды.
- «Болашақта бір нәрсе болады да, бәрі күрт өзгереді» деген оймен жүретіндер. Осылай өмір сүруді таңдайтындар қазіргі күйін өзгерту үшін тырмыспайды. Жеке болсын, кәсіби болсын бағытта өспейді. Көбіне мұндай адамдарды бірқалыпты өмір сүреді деп айтады.
Бұл атап өткен үш модельдің де қаупі бар. Себебі солай жүре берсе, адам өз өмірін қазір сүруден қалады. Кейбірі «менікі айтарлықтай маңызды емес» деп жеке мақсаттарына жетуден бас тартады. Енді бірі кәсіби бағытта өсу үшін ештеңе істемей, «аяқ-асты жолым бола қалса» деген үмітпен өмір сүреді. Егер осылай ұдайы шектеу қоя беретін болса, күндердің бір күні «атылады». Әсіресе, ақша түссе, ойланбастан құрта салатындар сондай типтен. Айталық, баспаналы болу үшін өзі төлей алмауы мүмкін болса да ипотекаға үй алып алатындар болады. Болмаса, өміріне өкпелі болып, жағымды эмоциялар тапшы күйге түседі. Соның кесірінен күйзеліп, эмоциялық тұрғыда жанып, мазасыз күйге түсіп кетеді. Тіпті алға қойған, болашақта болады деп жүрген мақсатына жеткен күннің өзінде оның қуанышы ұзаққа бармайды. Өзі ойлаған өзгеріс бола қалған күннің өзінде ол сәттен тым көп нәрсе күтіп қойған болып шығады.
Өмірді кейінге қалдыру әдетінен қалай арылуға болады?
Бірінші қадам. Алдымен, осы істеп жүргеніңіз өзіңізге қалай әсер етіп жатқанын ойлаңыз. Өміріңіздегі басты мақсатқа жетемін деп не нәрседен бас тарттыңыз — барлығын тізіп, жазып шығыңыз. Бұл синдромның туындауына әсер еткен проблемалардың да тізімін жасаңыз. Содан кейін өзіңізге мына сұрақты қойып, оған барынша шынайы жауап беруге тырысыңыз: иллюзиямен құрылған болашақ үшін алда әлі де сондай құрбандыққа баруға дайынсыз ба?
Екінші қадам. Егер сіздің өмірде жетуіңіз керек ұлы мақсаттар болып, оны орындау сіз үшін аса маңызды болса, онда соған апаратын қадамдардың жоспарын әзірлеңіз. Бірақ сол мақсатқа қол жеткізген соң сіз тек кеудеде қуаныш орнайтынын, бірақ мәңгі-бақи сол күйде қалып қоймайтыныңызды білуіңіз керек. Сол себепті бәрін тәрк етудің керегі жоқ.
Үшінші қадам. Зерттеулерге қарасақ, адам баласы неғұрлым қуанышты эмоция сезінсе, соғұрлым өміріне риза болады екен. Әрі ондай жақсы күй кешу үшін міндетті түрде тау қопарудың қажеті шамалы. Сондықтан өзіңізге қуаныш сыйлайтын дүниелердің тізімін жасаңыз. Сөйтіп сол тізім бойынша күнделікті жасап жүруді әдетке айналдырыңыз. Өзіңізге қатты ұнайтын шыныаяқ бар ма, қонақ келгенде ашамын демей, күнделікті қолданысқа арнаңыз.
Төртінші қадам. «Әлі уақыты келмеді» деген желеумен орындамай жүрген қандай ойыңыз бар? Соны еске түсіріңіз. Тізім түрінде жазып шыққан соң, соларды орындауға кірісіңіз. Ішіндегі ең оңайынан бастаңыз. Сонда ішкі қарсылықты біртіндеп жеңіп, өзіңізді шектеуді қоясыз.
Қандай жағдайда бұл кейінге қалдыру синдромы неврозға айналады?
Владимир Серкин зерттеген «солтүстік сценарийін» мысалға алып көрейік. Ол жақта адамдар солтүстік жақта көбірек ақша тауып, сосын үйіне қайтып, жақсы өмір бастау үшін барады екен. Яғни бұл сценарийдің негізі өмірге еш кері әсері жоқ. Яғни ақша жинау үшін өз еркімен солтүстікке баруға бекінді, ақша жинады, арманына қол жеткізді — бәрі дұрыс, солай емес пе? Бірақ егер осы әу бастағы мақсатты жылдар бойы жасамай, кейінге қалдырып, сол оймен жүре берген кезде ол синдром неврозға айналады екен. Басқа дүниенің бәрі маңызсыз деп, мақсатын орындамай жүріп алып, ақыры арада жылдар өткен кезде уақыт өткізіп алғанын түсінеді. Осы сынды тұрмыстық мәселелер тау болып үйілген кезде психикалық та, физикалық та саулыққа нұқсан келе бастайды. Адам шешім қабылдай алмай қалады, қиындыққа төтеп бере алмайтын болады. Өз өмірін басқарудан қалады.
Кейінге қалдыра беретін өмір сценарийінде бастысы — ұлы мақсатқа жету. Сол идеялар мен мақсаттар көбіне ата-аналардың бала кезден миға құйып тастағанынан болып жатады. Бірақ оны өзіңіз байқамай жүре беруіңіз мүмкін. Жалпы алғанда арман мен мақсаттың, идеялардың адамға тигізетін зияны жоқ. Өйткені ол бізге алға қадам басуға, жылжуға көмектеседі, күш береді. Бірақ кейінге қалдыра беретін синдромы бар адамдар шынайы өмірден алшақтап кетіп жатады. Мұндай адам мақсатқа жету жолына қатты беріліп кеткені сонша, тым көп нәрсе күтіп қояды. Яғни сол бір нәрсеге қол жеткізсе, бәрі өзгеретіндей, ғажап болып кететіндей бос қиялға беріліп кетеді. Егер ондай адамнан сол мәселелерді қазір шешкені болашақтағы мақсатына қалай әсер ететінін, қалай байланысты екенін сұрасаңыз, күмілжіп, жауап таппай қалады. Дұрыстап ойланып қараса, тіпті екі арада байланыс болмай шығуы мүмкін. «Сен ойлаған идеал өмір қандай? Оны немен толтырасың?» деп сұрасаңыз да, жауабын шегелеп айта алмайды.
Адам болған соң, өмір жолында түрлі мәселемен бетпе-бет келіп жатады. Әдетте, проблема бола қалса, оны шешуге ұмтылу керек. Невроз кезінде қазір бар мәселелерді шешуді емес, соны шешпей жүруінің себебін айтуға тырысып, басқа бағытқа бұра береді. Осылай шешімі табылмаған мәселе көбейген сайын «невротикалық жарылыс» болуы әбден мүмкін. Мәселен, адам шаршаса, демалады. Кейінге қалдыра беретін синдромы бар адамдар болса, «демалу үшін оған лайық болу керек» дейді. Бірақ адамда шаруа біткен бе? Бірінен соң бірі пайда бола берген соң, демалыс жоқ болса, бір кезде адамның күші сарқылып, денсаулығы сыр береді. Мұндай кезде әлгі ішкі қысымды басу үшін кейбірі ішімдік ішіп, тыйым салынған заттар қолданып, темекі шегіп кетеді. Енді бірі шамадан тыс тәтті жеп басуға тырысады. Мәселені шешуден қашқан соң, әйтеуір орнын толтыру үшін жаман әдеттерге әуес бола бастайды.
Есі дұрыс, дені сау адам мәселемен бетпе-бет келсе, мынадай триада бойынша жүреді: «істегім келеді — істей аламын — істеймін». Ал кейінге қалдыра беретін неврозда механизм басқаша: «істегім келеді — істей аламын — өзіме істеуге рұқсат бермеймін». Осылайша шешімі табылмаған мың мәселе ақыр соңында невротикалық бұзылыстарға әкеп соғады. Бұл өміріңізге кері әсерін берері анық.
Психологқа қашан бару керек?
Егер сіз өздігіңізбен бұл синдромнан құтыла алмайтыныңызды сезіп тұрсаңыз, дұрысы — маманнан көмек сұрау. Бірнеше апта бойы еш нәрсеге қуана алмай жүрсеңіз, болашақта бір маңызды дүние болады деп алдаусыратып жүрсеңіз — белгілері сол. Соның кесірінен толыққанды өмір сүре алмайсыз. Маман мұндайда сіздің ойыңыз бен әрекеттеріңізді реттеуге көмектесе алады. Мысалы, саналы қадам жасауды үйренесіз. Сонымен бірге когнитив-мінез-құлық терапиясы да көмектеседі. Соның арқасында негатив ойлардан арылып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайсыз.