Жаңалықтар

Жаңа ережеге сәйкес банктер өзі клиенттеріне депозиттердің негізгі шарттары туралы алдын ала ақпарат беруі тиіс

Жаңа ереже 7 тамыздан бастап күшіне енді / Фото: kursiv.media

7 тамыздан бастап Қазақстанда банк салымы және банк шоты шартының мазмұнына және рәсімделуіне қатысты ерекше талаптар күшіне енді. Бұл жайында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) хабарлады.

Енді банктер шартқа қол қою барысында клиенттерге банк шотының немесе салымының негізгі талаптары туралы хабарлауға міндетті. Оның ішінде:

—  салым бойынша кепілді өтемнің ең жоғары сомасы;

— салым мерзімі мен валютасы;

— салым бойынша пайыздық сыйақы мөлшерлемесі мен сыйақы төлеу талаптары;

—  қаражатты қайтарып алу және салымның мерзімін ұзарту талаптары;

— банктік шотына қызмет көрсету үшін комиссиялар.

Ақпарат кестелік және түсінуге қолайлы формада берілуі тиіс. Сондай-ақ ақпаратты банктер шарттың жазбаша немесе электронды түрде жасалғанына қарамастан, клиент қол қойған құжаттың бірінші бетінде көрсетуге міндетті.

Бұл жаңашылдық салымшыларға қолайлы болуы үшін және депозиттердің талаптары туралы ақпарат беру жүйесін жақсарту мақсатында енгізіліп отыр. Аталмыш бастаманы Қор ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып көтерген болатын.

Айта кетейік, жеке тұлғаларға берілетін несиенің орташа пайыздық мөлшерлемесі маусым айында тағы төмендеді: теңгеде 20,4%-дан 18,6%-ға түссе, шетел валютасында орташа мөлшерлеме 4,1%-дан 3,9%-ға дейін азайды. Бұл – 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.