Қазақстандықтар ел ішінде жиі қоныс аударатын болған. Халық қай өңірге көп көшеді?
Елімізде ішкі көшіп-қону тенденциясы жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде Астана, Алматы және өзге де ірі қалаларға қоныс аудару қазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналып үлгерген.
DATA HUB-тың республикадағы миграция мәселесіне қатысты статистикасына сүйенсек, бірінші жартыжылдықта 688,4 мың азамат Қазақстаннан шықпай тұрақты тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73%-ға өскенін аңғартады.
Өткен үш жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіштер шамамен бұрынғы деңгейде қалып отыр. Нақтырақ айтсақ, қоныс аударғандар саны 384 мың. Соңғы рет ішкі көші-қонның өсуі 2021 жылы байқалған (12%).
Өңіраралық көші-қонды қарастыратын болсақ, көрсеткіштер 69%-ға өсіп, 306,8 мың адамға жетті. Бұл ретте тек төрт өңір – Астана (+29,3 мың), Алматы (+15,8 мың), Шымкент (+4,6 мың) және Алматы облысында (+1,3 мың) оң динамика сақталып отыр.
Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға 2 975 788 еңбек мигранты келген.
Қанша қазақстандық шетел асып кетті?
Қазақстандықтар арасында 2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кетсе, елге 23 мың адам көшіп келген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев мәлім етті.
«Былтыр сырттан келу көші-қоны бойынша оң динамика байқалды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша елге 23 мың адам (8,3 мың адамға өсті) көшіп келіп, 15 мың адам елден шықты. Сырттан келу көші-қон өсімі негізінен ТМД елдері мен Қытайға тиесілі», – деді Ертаев.
Ел ішінде де көші-қон динамикасы болған. Ең көп адам Астана қаласына көшіп барған.
2023 жылы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 733 мың қазақстандық ел ішінде көшіп қонған. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келген.
Ал 2022 жылы Алматы қаласы ішкі көші-қон бойынша көш бастаған. Бұл қалаға қоныс аударатындардың қатары кеміген емес. Мәселен 2022 жылы Алматы қаласына 35,3 мың адам көшіп келген. Астана қаласымен салыстырғанда 1,5 мыңға артық.