Жаңалықтар

Қазақстандағы 25 шетелдік мұнай сервистік компаниясы 30 жыл ішінде 50 млрд доллардан астам табыс тапқан

Мұнай саласында жұмыс істейтін шетелдегі қазақстандықтардың табысы қанша? / Фото: kursiv.media 

Қазақстанда 25 шетелдік мұнай сервистік компаниясының бас мердігерлері 30 жыл ішінде 50 миллиард доллардан астам табыс тапты. Енді олар өздерінің халықаралық жобаларына еліміздің компаниялары мен мамандарын тартуы керек. Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайберген осылай деп мәлімдеді.

«Біз бұл компаниялардың қандай да бір моральдық борышы бар және олар өздерінің халықаралық жобаларына қазақстандық компаниялар мен мамандарды тартуы керек деп  есептейміз», – деді Алмас Құдайберген Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, қазақстандық компаниялар қазірдің өзінде елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік бас мердігерлер арқылы Таяу Шығыс, Катар және Сауд Арабиясының мұнай-газ нарығына шыға алады.

«Біз бас мердігер компаниялардың кеңселеріне арнайы бардық және олармен қазақстандық компаниялар мен мамандарды тартатыны туралы келісімдер бар», – деп толықтырды ол.

Сондай-ақ Алмас Құдайберген шетелде мұнай саласында жұмыс істейтін қазақстандықтардық табысы жайлы да сөз қозғады. Мәселен, Қатарда мұнай саласында қызмет жасап жүрген отандастарымыздың бір айлық табысы 5 мың долларды (2,4 млн теңге) құрайды. Сондықтан білікті кадрларды жұмыссыз қалдырмау қажет екенін атап өтті.

Спикердің айтуынша, 2022-2024 жылдар аралығында Теңіз мұнай-газ кен орнында 80 мыңнан аса адам жұмыстан босатылған.

«Ол мамандар білікті кадрлер қатарынан. Біз, компания басшылары мен кәсіпкерлер мұндай тәжірибелі мамандарды жоғалтқымыз келмейді.  Жалпы оларды отбасы мүшелерімен бірге есептеп қарасақ, бұл 200 мыңнан астам адам. Сондықтан біз шетелде жаңа жобаларды іздей бастадық, ал келешегі зор салалар Қатар мен Сауд Арабиясында. Оларда алдағы жылдары мұнай-газ секторына ірі инвестиция салу жоспарлануда. Мамандарымыз сонда қалай жұмысқа орналасады деп ойлана бастадық. Соның бір жолы – Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік бас мердігерлер», – деді ол.

Алмас Құдайберген Қазақстандық мамандар мен компаниялардың экспорты елімізге үлкен пайда әкелетінін жеткізді.

«Шетелде орташа жалақысы 200 мың доллар болатын мұнай сервисіндегі 1 мың қызметкерді алайық. Жыл сайын олар елімізге 250 млн долларға дейін пайда әкеледі. Мысалы, Қатарда 1 мыңнан аса қазақстандық маман жұмыс істейді. Олардың жалақысы бүгінде 5 мың долларды құрайды. Мысалы, TotalEnergies Qatar деген компания бар, оны қазақ басқарады. Ол осы компанияда 17 жыл жұмыс істеп, Қатардағы барлық операцияны басқарып отыр. Осы мемлекеттегі негізгі техникалық позицияда отандастарымыз жұмыс істейді», – деді Алмас Құдайберген.