Жаңалықтар

Назарбаев мектептері бюджет қаражатын игере алмай отыр ма: Смайыловтың сынына НЗМ жауабы қандай?

Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты 11 іс қозғалды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (НЗМ) 2019-2023 жылдары бюджет қаражатын қалай жұмсағанын тексерді. Тексеріс нәтижесінде ақшаның тиімсіз жұмсалуы, тендер өткізудегі былықтар мен маңызды жобаларға бөлінген қаржының игерілмеуі сияқты фактілер анықталды. Ал палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржыны пайдалану мәселесінде НЗМ ашықтық көрсетпей отыр деп мәлімдеді.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, осы бес жыл ішінде НЗМ бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген. Десе де оқу бағдарламалары мен орта білім беру жүйесіндегі тәжірибе қолдану бағытында айтарлықтай кемшіліктер анықталды.

Бес жылда Назарбаев мектептеріне бюджеттен 250 млрд теңге бөлінді

2019-2023 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, оның 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қарастырылған. Алайда бүгінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаларда, ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларда тәжірибені тарату нәтижесіне қатысты нақты міндеттер, функциялар мен көрсеткіштер белгіленбеген болып шықты.

НЗМ оқулықтар әзірлеуі тиіс еді…

Аудиторлық палатаның мәлімдеуінше, НЗМ жалпы білім беретін мектептерге оқулықтар әзірлеуі тиіс болған. Бірақ салалық министрлік мақұлдаған білім беру процесіне арналған 3 мыңнан астам оқулықтың небәрі 67-сі немесе 2%-ы ғана НЗМ үлесіне тиесілі. Осы орайда палата ұйым орта білім беру жүйесін дамыту әлеуетін толық пайдаланылмай отырғанын айтады.  

Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы жұмыстарға бөлінген қаржыландыру көлемі сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Ұлытау облысының барлық бюджеті көлеміндегі қаражат осы бес жылдан аз уақыт ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бөлінген. Оның ішінде 22 млрд теңгеден астам қаражат тәжірибені таратуға қаралған. Статистиканы қалай қарасақ та, өкінішке қарай, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне бұл тіпті мемлекеттік жоспарлау жүйесі шеңберінде де қамтылмаған», — деді Әлихан Смайылов.

55 млрд теңгеге дейін қаржы банк шоттарында жиналып қалған

Аудиторлық қорытындыда көрсетілгендей, НЗМ қаражатты пайдаланудың ашықтығын, есептілігін және нысаналы сипатын қамтамасыз етпеген. Назарбаев мектептерінде, іс жүзінде, жүргізілмеген шаралардың жоспарланғаны да анықталды. 2019-2023 жылдар аралығында орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрағаны мәлім болды.

Аталған білім беру ұйымында бюджет қаржысын пайдаға жаратпау фактілері де бар болып шықты. Мәселен, 3 жыл ішінде НЗМ 16,4 млрд теңге көлеміндегі қаражатты игермеген, ал банк шоттарында жыл сайын 27 млрд-тан 55 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде қаржы қалдықтары жинақталған.

Тендер өткізуде де өрескел заң бұзушылық бар

НЗМ өткізген мемлекеттік сатып алу бағытында да қаржылық заң бұзушылықтардың бары белгілі болды. Жалпы сатып алу бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылық анықталды. Мысалы, 1 млрд теңгеден астам сомаға бір көзден сатып алу тәсілін заңсыз қолдану, өтінімдерді негізсіз жіберу немесе қабылдамау сияқты жағдайлар орын алған. Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері және бөгде ұйымдардың коммерциялық ұсыныстарының негізінде тауарларды жоғары құны бойынша сатып алу фактілері анықталды.

Аудит тексерісінен кейін

Жалпы мемлекеттік аудит барысында 274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Қаражатты тиімсіз жоспарлау 8,3 млрд теңгені құраса, шамамен 6 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Бұдан бөлек 134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша 1 материал құқық қорғау органдарына, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар тағы 10 факті бойынша материал әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жіберілді.

НЗМ бюджет қаражаттының неге игерілмегенін түсіндірді

Мемлекеттік аудит қорытындысы жарияланғаннан кейін, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірден түсініктеме берді.

«Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерді пысықтауды және жоюды тапсырды. Осыған байланысты НЗМ ДББҰ мемлекеттік аудиттің ұсыныстарын ескере отырып, жұмысты жақсартуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру жоспарын әзірлеуде және алдағы уақытта рәсімдік қателіктерді барынша азайту шараларын қабылдауда», – деп хабарлады НЗМ.

НЗМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаржылық бұзушылық ретінде көрсетілген 274,4 миллион теңге көлеміндегі қалпына келтірілуге тиісті сома бухгалтерлік есептегі қателіктерге қатысты болған. Ол аудит барысында түзетілген.

«Сонымен қатар мемлекеттік аудиторлар 16,4 млрд теңгені, оның ішінде тиімсіз жоспарлаудың салдарынан пайда болған 8,3 млрд теңгені игерілмеген қаражат деп таныды. Бұл сома пандемия кезінде еліміздің педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарының, олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың және басқа да іс-шаралардың, оқу жетістіктерін бағалау рәсімдерінің онлайн форматқа ауысуына байланысты үнемделді», – деп жазылған хабарламада.

НЗМ банк шоттарындағы 55 млрд теңгеге дейінгі қаржының неге жұмсалмағанын да түсіндіре кетті. Банк шоттарындағы бұл қалдықтар ақылы қызметтерден, демеушілік және қайырымдылық көмектерден, сондай-ақ шығындарды үнемдеуден жиналғанын мәлімдейді.