Олимпиадада спортшыларымыз бұдан да тәуір нәтиже көрсетуге мүмкіндігі болды. Осылай деп мәлімдеген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ел құрамасының Париждегі Олимпиада ойындарындағы нәтижелеріне тоқталып, есеп берді.
Токиодағы нәтиже, Париждегі жетістік
Десе де министр Ұлттық құраманың бұл Олимпидадағы ойындарына дән риза. Айтуынша, спортшылар Токиодағы Олимпиададан қорытынды шығарған.
Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтады. Министр Франция астанасы – Парижде ұйымдастырылған XXXIII жазғы Олимпия ойындары аяқталғанын еске салды. Ермек Маржықпаев төрт жылдан соң, АҚШ-та өтетін бәсекеде ұлттық құрама бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп уәде берді.
«Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан Париж Олимпиадасы мәресіне жетті. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті. Осындай ауқымды спорттық іс-шарада жүлде алып, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген барлық спортшыны табысты нәтижесімен құттықтаймын. Әрине, спортшыларымыздың бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Дегенмен Токио Олимпиадасындағы нәтижеден сабақ алып, Парижде жетістігімізді жақсарта алдық. Төрт жылдан кейін АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін»,– деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта бақ сынаған Елдос Сметов салды. Сметов 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған болатын. Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады. Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Сондай-ақ Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Енді келесі жазғы Олимпиада ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Ұлттық құраманың дайындығына қанша қаржы жұмсалды?
Еске салсақ, Олимпиада қарсаңында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері Ұлттық құраманы дайындау мен Парижге апаруға жұмсалған қаржы көлемін жария еткен болатын.
«Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалды«, – деген еді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Ал «Спорт пен туризм индустриясын» қолдау қоры 2023 жылы 29 140 720 мың теңге жұмсағанын хабарлады. Қордың құрылтайшылары – «ҚР Ұлттық олимпиада комитеті» ҚБ мен «Қазспортинвест» АҚ. Бұл қор 2020 жылдан бері Қазақстандағы спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалған.
Zertteu Research Institute директоры Шолпан Айтенованың дерегіне сәйкес, аталған қор 2020 – 2024 жылдар аралығында олимпиадалық спорт түрлерін қолдауға 10 млрд теңге жұмсаған.