Жаңалықтар

BofA жасанды интеллектіден қаржы аямаудың төрт себебін атады

shutterstock

Уолл-стрит инвесторлары жасанды интеллект технологиясын енгізуге көп шығын керек әрі ол өтелмейді деп қорқады. Бірақ Bank of America сарапшыларының пікірінше, мұндай пессимистік көңіл-күй көңілге тым ерте ұялап отыр. Бұл туралы Business Insider жазды. Банк өкілдері жоғары технологияларға көп шығын жұмсауға қалыпты дүние ретінде қарау керек деп санайды және бұл қадам алдағы уақытта өзін-өзі ақтайтын болады

Біріншіден, BofA жазбасында жаңа аппараттық технологияларды енгізу кезіндегі негізгі шығындар әдетте алғашқы жылдарға дөп келетіні айтылған. Мәселен, осындай жағдай 5G желілеріне инвестиция салу кезінде орын алды. Оның бастапқы кезеңі 3-4 жылға созылды. BofA-ның пікірінше, жасанды интеллект жағдайында да солай болмақ.

Екіншіден, корпорациялар жасанды интеллектіге жаңа кіріс көздерін табу үшін ғана ақша жұмсайды. BofA сарапшылары фирмалар да нарықтағы үлесін қорғағысы келетінін айтты. Мәселен, мұндай шығындар технологиялық компанияларға әлеуметтік желілерде, электронды коммерцияда және онлайн іздеу саласында көшбасшылық позицияларды сақтауға көмектеседі.

Үшіншіден және төртіншіден, банк жасанды интеллектіні дамытудың катализаторлары әлі таусылған жоқ деп мәлімдеді. BofA сарапшылары, кәсіпорындарда және мемлекеттік секторда жасанды интеллектті кеңінен енгізу әлі басталмағанымен, ЖИ чиптерінің жетекші өндірушісі Nvidia компаниясы өзінің көптен күткен Blackwell AI үдеткішін шығарғалы жатқанын атап өтті.

«Жасанды интеллектіге салынған криптосалымдар кезінде инвестицияның қайтарымы (ROI) туралы алаңдаушылық негізді. Бірақ біздің ойымызша, бұлай алаңдауға әлі ерте әрі бұл дәл қазіргі сәтте нәтижесіз», – деп түйіндеді банк.

Контекст

Жасанды интеллект технологиясына деген құлшыныс биыл инвестициялық белсенділіктің негізгі қозғаушы факторына айналды. Технологиялық компаниялардың акциялары қор индекстерін бірқатар тарихи биіктерге жеткізді.

Amazon, Meta, Microsoft және Apple секілді алыптар ЖИ жұмыс тиімділігін едәуір арттырады деп санайды. Сондықтан оған көп ақша салады. Goldman Sachs-тың бағалауынша, бұл төрт компания соңғы төрт тоқсанда даму мен жаңа технологияларға барлығы 357 млрд доллар жұмсаған. Әрі бұл соманың көп бөлігі жасанды интеллектке бағытталған.