Қор нарығына шолу: мұнай бағасы, Иран мен Израиль арасындағы кикілжің

Жарияланды
Фото: shutterstock

Bank of America экономистері АҚШ экономикасына қатысты соңғы бір жылдағы пессимистік болжамын алғаш рет өзгертіп отыр. Олар енді құлдыраудан қауіп жоқ екенін айтады. Тиісінше, экономика 1,5-2%-ға өседі деген болжамды алға тартып отыр. Есесіне қор нарығына кесірін тигізетін жаңа фактор бой көрсете бастады. Ол – Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі. Израиль мен Иран арасында соғыс отының тұтану қаупі күшейген сайын мұнайдың бағасы да арта түсті.

Bank of America болжамы: рецессияның ауылы алыстай түсті

Bank of America бас директоры Брайан Мойнихан банк экономистері қазір рецессияның ауылы алыстап, керісінше, бірнеше тоқсан бойы Америка экономикасының өсетінін болжап отырғанын хабарлады деп жазды FOX Business. Бір жыл бұрын банктің сарапшылар тобы экономика әлі де рецессияға түседі деген болжамын көлденең тартқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, техникалық тұрғыдан екі тоқсан қатарынан ЖІӨ-нің төмендеуі рецессия ретінде анықталады. «Биыл әзірге рецессия жоқ екенін айтқымыз келеді. Келесі алты тоқсанда экономика 2%-ға немесе 1,5%-ға өседі», – деді Мойнихан.

Алайда жағдай бәрібір оптимистік сипатқа ие емес. JPMorgan Chase экономистері бір апта бұрын еңбек нарығындағы қысымның төмендеуін алға тарта отырып, биылғы экономикалық құлдырау ықтималдығын 25%-дан 35%-ға дейін арттырған болатын. «АҚШ-тағы инфляцияға қарай түзетілген жалақының өсімі қазіргі уақытта баяулап отыр. Жағдай нарықтық экономикасы дамыған басқа елдерге қарағанда нашар», – деп жазды стратегтер.

Иран мен Израиль арасындағы кикілжің – акцияларды әлсірететін бірден-бір фактор

«Иранның Израильге қарсы шабуылы акциялар нарығын қайта теңселтіп жіберуі мүмкін», – дейді Уолл-стриттің белгілі стратегі, Fundstrat өкілі Том Ли. «Иран шабуылы акцияларға әсер ететін жаңа, күтпеген қауіп факторы болып отыр. Демек инвесторлар абай болу керек. Әрі Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен жағдайда біз нарықтардағы күрт өзгерістерге куә болатынымызды ұмытпайық», – деп жазды MarketWatch басылымы.

Иран бірнеше күн ішінде Израильге шабуыл жасайды деп жазды батыстық БАҚ-тар. The Wall Street Journal-дан алынған ақпаратқа сүйенсек, Израиль қарулы күштерін жоғары дайындық жағдайына келтірді. Иран шілденің соңында Тегерандағы ХАМАС көшбасшысын өлтіргені үшін Израильден кек алуға уәде берді.

Нарықтар өткен аптадағы жаппай сатылымдардан кейін әлі де болса әрі-сәрі күйде қалып отыр. «Егер Иран Израильге шабуыл жасайтын болса, бұл жағдай қор нарығындағы күрделі психологиялық жағдайды нашарлатуы мүмкін», – дейді GLOBALT Investments компаниясының аға портфельдік менеджері Кит Бьюкенен.

Бір күн бұрын шикі мұнай мен алтынның бағасы көтеріліп, аталған жағдай трейдерлердің алаңдаушылығын тудырған еді. «Егер Иран соңына дейін барса, бұл активтердің екі класының да одан әрі өсуіне ықпал етуі мүмкін», – дейді стратегтер.

Алайда кейбір стратегтер Иран мен Израильге қатысты жаңалықтар АҚШ инфляциясы туралы жаңа мәліметтерді «көлеңкеде қалдыруы» мүмкін деп отыр. NorthEnd Private Wealth инвестициялық директоры Алекс МаКграт: «Бөлшек сауда және тұтыну бағаларының индексі нарықтарымызға Иранның ықтимал әрекеттеріне қарағанда көбірек әсер етуі мүмкін», – деді.

Естеріңізге сала кетейік, өндірушілердің шілде айындағы баға индексі сейсенбі, 13 тамызда, тұтыну бағаларының индексі – 14 тамызда, бөлшек сауда деректері бейсенбі, 15 тамыз күні жарияланады.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты мұнай бағасы өсе түсті

Дүйсенбі, 12 тамызда мұнай бағасы 3%-ға өсті, деп жазды Reuters. Бесінші сессия қатарынан өсім тіркеліп отыр. Өйткені инвесторлар Таяу Шығыстағы шиеленіс ширыға түседі деген ойда. Бұл әлемдік жеткізілімдердің қысқаруына әкелуі мүмкін. Brent фьючерстері барреліне 82,30 долларға дейін көтеріліп, 2,64 доллар немесе 3,3% қосты. АҚШ-та WTI маркалы мұнай фьючерстері барреліне 80,06 долларға дейін өсіп, 3,22 долларға немесе 4,2%-ға қымбаттады.

Иранмен әскери қақтығыс болған жағдайда АҚШ Израильді қолдайды. Америка Иран мұнайының экспортына эмбарго енгізуі мүмкін. «Бұл тәулігіне 1,5 миллион баррельге дейінгі жеткізілімге әсер етуі ықтимал», – дейді Нью-Йорктегі Mizuho энергетикалық фьючерстерінің директоры Боб Явгер. «Соғыстың белең алуы аймақтағы басқа ірі өндірушілердің, соның ішінде Ирактағы өндірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін», – дейді Нью-Йорктегі Again Capital серіктесі Джон Килдафф.

Биыл Боаз Вайнштейннің мақсатты қоры 22%-ға өсті

Боаз Вайнштейн басқаратын тек жабық типтегі қорлардың қаржылық өнімдеріне инвестиция салатын Saba Capital CEF Special Opportunities Master Fund 1 қоры биыл 22%-ға өсті, деп хабарлады Bloomberg. Атап айтқанда, Saba BlackRock үлесі бар 10 жабық қормен жұмыс істейді.

Боаз Вайнштейн 5 млрд доллардың активтерін бақылайды. Ол жабық қор индустриясына қарсы бірнеше белсенді науқан жүргізді (нарық көлемі 250 млрд доллар). Бұл тізімге BlackRock, Nuveen Investments және Franklin Resources кіріп отыр. Вайнштейн аталған жабық қорларда үлестері бар BlackRock және басқа қаржы алпауыттары басқаратын қорлардағы бағаның бұрмалануы «инвесторларды миллиардтаған доллардан айырады» деп мәлімдеді және бұл механизмді жою қажет деп санайды.

Вайнштейннің BlackRock-пен арадағы «шайқасын» инвесторлар мұқият қадағалап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз