Қазақстанда 2024 жылдың төртінші тоқсанынан бастап жылына 400 мың Samsung тұрмыстық техникасы шығарыла бастайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
«Төртінші тоқсанда Samsung тұрмыстық техникасын, дәлірек айтқанда теледидар мен кір жуатын машина шығаруды бастаймыз. Қазір келісімге қол қою процесіне келдік», – деді министр.
Шарлапаевтың айтуынша, техника шығару зауыты Қарағандыда орналасқан. Жоспар бойынша зауыттан жылына 400 мыңға жуық Samsung техникасы шығарылуы керек. Бұдан бөлек, осы зауытта төмен бағадағы Artel техникасы да шығады.
Министрдің сөзінше, тұрмыстық техниканы Қазақстанда өндіру оның бағасына да оң әсерін тигізеді.
«Қазір шетелден сатып алып жатқан техникадан әлдеқайда арзан болады. Техникаға қажетті пластик корпустардың барлығы зауытта құйылады. Яғни логистикалық шығынға алып келуі мүмкін көптеген бөлшек Қазақстанда шығарылады. Соның есебінен де баға төмендейді», – деді Шарлапаев.
Маусымда Оңтүстік Кореяның C&T Corporation компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия нысандарын салуға ниетті екені белгілі болған. Бұл жайлы Kazakh Invest компаниясы мен Samsung C&T Corporation компаниясы өкілдерінің кездесуі барысында айтылды.