Колледждерде білім алуға 145 мың грант бөлінді
Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл гранттар саны 12 мың орынға көп. Сондай-ақ студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады.
«Гранттың 65%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай-ақ колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасып жатыр. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады»,– делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа ілінбей қалған абитуриенттерге қосымша 10 мың грант бөлінетіні туралы айтқан еді.
Айта кету керек, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың абитуриент қабылданады. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледжді шефтік қамқорлыққа алған.