Жаңалықтар

«Астана-Ақтөбе» тальго пойызының бағыты Оралға дейін ұзартылды

«Астана-Ақтөбе» тальго пойызының бағыты Оралға дейін ұзартылды / фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

«Астана-Ақтөбе» тальго пойызының бағыты Оралға дейін ұзартылды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Орал қаласының тұрғындарынан түскен көптеген өтінішке байланысты 2024 жылдың 19 қыркүйегінен бастап №81/82 «Астана-Ақтөбе» Тальго пойызының маршруты Оралға дейін ұзартылды», – делінген хабарламада.

«Жолаушылар тасымалы» мәліметінше, пойыз күнара шамамен 350 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Пойыз Астана, Қостанай, Ақтөбе және Орал сияқты ірі қалаларды қоса алғанда, 15 станцияға тоқтайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2024 жылғы 1 қазаннан бастап пойыз билеттері 20% қымбаттайтыны туралы жазған едік. Тарифтің өсуі 140 жолаушы тасымалының 62 бағытына әсер етеді. Көлік министрлігі бағаны көтеруді вагондар паркін жаңарту және пойыздардағы қызметті жақсарту үшін қажет деп түсіндірді.