Қытайда электромобиль өндірісінің артуына байланысты әлемдік нарықта эко-көліктердің сатылымы 21%-ға артқан

Жарияланды (жаңартылды )
Электромобильдердің сатылымы әлемдік нарықта 21%-ға артқан / Фото: kursiv.media

Шілдеде әлемдік нарықта электромобильдердің сатылымы 21%-ға өскен. Rho Motion зерттеу фирмасы мұны Қытайдағы электромобиль өндірісінің артуымен байланыстырады.

Зерттеу орталығының мәліметінше, эко-көліктер сатылымының артуына Еуропада бұл көлік түріне баж салығы салынғанына байланысты сұраныстың төмендегені еш әсер етпеген.

«Еуропадағы сұраныстың төмендеуіне қарамастан, осы жылы Қытайдағы өндіріс көлемінің айтарлықтай артуына байланысты электрлі және гибридті көліктердің жаһандық сатылымы шілде айында 21%-ға өсті», – деп хабарлайды Rho Motion фирмасы.

Шілде айында бүкіл әлем бойынша 1,35 млн электрлі және қосылатын гибридті көліктер сатылған. Соның 0,88 миллионы Қытайда өндірілген екен. Ал әлем бойынша жалпы сатылым көлемі өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға артқан. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Қытайда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, электромобильдер сатылымының үлесі 70%-ға көтерілген.

Қытайлық BYD электромобиль өндіруші компаниясының мәліметінше, әлемдік нарықта электрлі көлік сатылымы 13%-ға, қосылатын гибридті көлік сатылымы 44% өскен.

Ал Еуропада, керісінше, мұндай көлік түрлерінің сатылымы шілдеде 7,8%-ға төмендеп, 2023 жылғы деңгейге жеткен. ЕО-ның ең үлкен электромобиль нарығы саналатын Германияда жыл басынан бергі жеті айда саталым 12%-ға төмендеп кеткен. Бірақ АҚШ пен Канадада электр көліктерінің сатылымы шілдеде 7,1%-ға өскен.

Қытайдың электромобиль нарығындағы үлесі артып келеді. Осыған байланысты Еуропалық Одақ шілде айында Қытайда жасалған электрлі көліктердің импортына уақытша баж салығын енгізді. Оған сәйкес BYD брендіне 17,4%, Geely-ге – 19,9% және SAIC-қа 37,6% баж салығы салынады.

Айта кетейік, Қытай автонарығында электромобиль мен гибридті көліктер жалпы сатылымның 50%-ын құрады. Жаңа энергия көздерін тұтынатын көлік сатылымы шілде айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артқан. Бұл – жалпы сатылымның 50,7%-ы.

Сондай-ақ оқыңыз