2023 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма мүшелеріне 388 млн теңге көлемінде сыйақы төлеген
«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма мүшелеріне төленетін сыйақы көлемі 388 млн теңгені құраған. Бұл жайлы Қазақстан қор биржасы хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Астана халықаралық биржасының іскерлік ережелерінің нарықтық ақпаратты ашу ережелерінің 1-кестесінің 4.3 тармағына сәйкес, ҚМГ ҰК Басқарма мүшелеріне 2023 жылы жалпы сыйақы мөлшері 388 673 641,57 теңгені құрағанын хабарлайды», – делінген KASE хабарламасында.
Ал 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» басқарма мүшелеріне 344,6 млн теңге төлеген болатын. Ал 2021 жылы бұл сома әлдеқайда аз болды. Ол кезде Басқарма мүшелеріне 227,9 млн теңгенің көлемінде жиынтық сыйақы төленгені хабарланған. Бұл жылғы сыйақы мөлшерлемесі ең төмен саналады. Себебі ковид кезінде, яғни 2020 жылдың қорытындысы бойынша компания 317,5 млн теңге, 2019 жылы 347,5 млн теңге сыйақы төлеген.
Айта кетейік, 20 мамырда «ҚазМұнайГаз» 2023 жылы таза табысы азайса да, акционерлеріне 300 млрд теңге дивиденд төлеуі мүмкін екені хабарланды. Директорлар кеңесі аудиттелген қаржы есебі негізінде осындай соманы ұсынған. 2023 жылы компания 960 млрд теңге таза пайда тапқан. Соның 660 млрд теңгесі ҚМГ иелігінде қалса, 300 млрд теңгесі дивиденд ретінде төленуі ықтимал екені айтылған еді.
Ал 10 маусымда компания осы көлемде дивиденд төлейтінін хабарлады. Дивиденд көлемі ҚМГ-ның 2023 жылғы қаржы көрсеткішінің негізінде дивидендтік саясатын ескере отырып бекітілген. 1 қарапайым акцияға төленетін дивиденд көлемі 491,71 теңгені құраған.
Анықтама: ҚМГ тұжырымдамасына сәйкес, сыйақы мөлшерлемесі бір жылдағы жалақының жалпы сомасын және ақшалай ынталандырудың барлық түрін қамтиды.