Жаңалықтар

Ұлттық банк шетелдік инвесторларға мемлекеттік қарыз есебінен пайда табуға болатынын айтты

Ұлттық банк еліміздің макроэкономикалық ахуалы мен капитал нарығы туралы есебін жариялады /коллаж kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Kazakhstan Macro & Market Overview порталында Ұлттық банк еліміздің макроэкономикалық ахуалы мен капитал нарығы туралы есебін жариялады. Онда үкіметтің экономикалық саясат, жасалған қадамдар мен түрлі көрсеткіштер егжей-тегжейлі баяндалған және шетелдік инвесторлар үшін пайда табудың басты кілті ­қайда екені меңзелген. Биылғы ел бюджетінің орталанып қалғаны құпия емес. Оның орны Ұлттық қордың қаражатымен, сыртқы қарызбен жабылатыны байқалады.

Айталық, ақша-кредит саясатының жұмсарғанына, маусым айының қорытындысы бойынша, инфляцияның 8,4 %-ға дейін баяулағанына қарамастан, бірінші тоқсанмен салыстырғанда, екінші тоқсанда мемлекеттік құнды қағаздардың табыстылығы 2024  жылы 1,5 -2 %-ға өскен. Бұл өсімнің өзіндік себептері  де бар. Біріншіден, бюджет дефициті қаржыландыруды қажет етіп отыр. Екіншіден, бес жылға және одан да көп уақытқа өтеу мерзімі бар мемлекеттік құнды қағаздар аукционына нарықтағы инвесторлар көп қызығушылық білдіре бастаған.  

Соның нәтижесінде нарықтағы сұраныс ұсыныстан орта есеппен 1,8 есе артқан. Сәуір мен маусым аралығында Қаржы министрлігі 2 триллион теңгеге мемлекеттік құнды қағаздар шығарыпты.  Бірақ артынша инвесторлар легі саябырси бастады. Нақты айтқанда, 8,4 %-ға дейін төмендеген. Резидент еместердің қолындағы мұндай қағаздардың көлемі 41 %-дан асқан. Оның құны 643 миллиард теңгеге жуықтайды.  Қазақстандағы қайталама нарықтың өтімділігін арттыру мақсатымен  құнды қағаздар шоғырландырылған. Енді оның сауда көлемі 1 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Ұлттық банк мемлекеттік қарыз нарығында тиімділікті арттыру үшін жақында Euroclear атты еуропалық депозитариймен есеп айырысу жүйесін жасауды жоспарлауда.

Есептегі деректерге сүйенсек, мемлекеттің бюджеттің дефициті (2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай, нақтыланған мәлімет бойынша) 5,8 триллион теңге болып отыр. Ал түзетілген мәлімет бойынша, 4,3 триллион. Мемлекеттік қарыз 28,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 21,3 %-ы.

Теңге бағамының құбылмалылығы жоғары екені де айтылады. Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұған Ұлттық қордағы валютаны сату және валютаға деген сұраныстың төмендеуі түрткі болып отыр. Жарты жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қордан алынған 4,7 миллиард АҚШ доллары сатылыпты. Бұл бір жылда жоспарлап отырған көлемнің 77 %-ы. Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30 % деңгейде қолдап тұру мақсатымен, БЖЗҚ 2,4 миллиард АҚШ долларын сатып алған. Бірақ валюталық интервенция жасалмаған. Бюджет тапшылығын ескерсек, келесі жарты жылдықта Ұлттық қордан трансферттердің артуы күтіліп отыр.

Сонымен қатар Ұлттық банк «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға Ұлттық қордан жұмсалған қаржыға ерекше тоқталыпты. Ұзын-ырғасы – 467 млрд теңге. Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін өзінің алтын валюта қорына аудару арқылы шетелдік валютаны теңгеге конвертация жасаған. Мұның нарыққа тигізетін әсерін азайтуды көздеп, маусым айының соңынан бастап күн сайын валютаны – 11,5 миллион долларды сатып отырған. Шілде айында 115 миллион доллар сатса, тамызда 230-250 миллион долларды сатылымға шығармақ.  

Айта кететін жайт, маусым айының ортасында республикалық бюджетті толтыру мақсатымен Үкімет Ұлттық қордың ақшасын «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына салуға рұқсат берген еді. Бұған дейін мұндай тәсіл тек қана «Қазмұнайгазға» қатысты қолданып келген болатын.