Жаңалықтар

Итальяндық Eni «Дружба» құбыры арқылы Қарашығанақ мұнайын Германияға тасымалдауды бастады

Маусым айында жеткізілген Eni шикізатының көлемі 20 000 тоннаға жуықтаған.Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Итальяндық Eni компаниясының еншілес қазақстандық Agip Caspian Sea компаниясы қазақ мұнайын Германияға «Дружба» құбыры арқылы тасымалдай бастады. Маусым айында осы құбыр арқылы жеткізілген Eni шикізатының көлемі 20 000 тоннаға жуықтаған.

«Дружбаға» дейін жеткізу үшін Атырау-Самара мұнай құбыры пайдаға асып отыр. Agip Caspian Sea – «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға қазақ мұнайын экспортқа шығарған үшінші компания. Бұған дейін «Қарашығанақ петролиум оперейтинг» және жапониялық Inpex-тің еншілес компаниясы – Inpex North Caspian Sea Еуропаға 20 мың тонна мұнай тасымалдап көрген.

Қазақстаннан өндірілген шикізат Еуропаға Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданып келеді. Енді бұған «Дружба» құбыры балама жол болып отыр. Бұл екі құбыр да Ресей жерімен өтеді. «Дружба» құбырының өз артықшылықтары бар. Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне тармақталып тарайтын дамыған желілер торабы жұмыс істейді. 

Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұлов мұнай өндіруші компаниялардың «Дружба» құбырына қызығушылық танытуының  басты себебі экономикалық тиімділігінде екенін айтады.

«Тарифтер рубльмен төленетін болғандықтан, «Дружба» мұнай құбыры арқылы шикізат тасымалдау КҚК арқылы тасымалдауға қарағанда арзанға түседі. Каспий құбыр консорциумымен тек қана Қара теңізге дейін мұнай жеткізіледі. Әрі қарай танкерлермен тасиды. Атырау-Самара мұнай құбыры «Дружба» құбырына қосылады. Бұл құбыр арқылы мұнайдың тоннасы 32 доллардан тасымалданады. Құбыры Германияға дейін тартылған. Ал КҚК арқылы 38 долларға тасымалданады. Жеткізілетін шек – Қара теңізге дейін ғана», – дейді  Нұрлан Жұмағұлов.

Сарапшының айтуынша, қазір бұл құбырмен шикізат сынақ режимінде тасымалданады. Компаниялар қалай болар екен деп байқап көріп жатыр. Өткен жылы дажапониялық Inpex те «Дружба» арқылы Қашаған мұнайын Германияға жіберіп көрсе, биыл итальяндық Eni сынақтан өткізуге бел буған.

Айта кететін жайт, 2024 жылы Қазақстаннан Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізілуі керек.