Елімізде су үнемдеу жүйелерін орнату шығыны 80%-ға дейін субсидияланбақ
Елімізде су үнемдеу жүйелерін орнату шығындары жеңілдей түсті. Субсидиялау мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайып отыр. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеспек. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Аталмыш министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, осындай ұйғарымға келген.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су
үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты
индикаторлар белгіленді. 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар
әзірленді. 2030 жылдың соңына қарай республикадағы
суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50 %-дан астамы су үнемдеу
технологияларымен қамтамасыз етіледі. Осы арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кететін жайт, «Қазсушар» филиалдары суару маусымында еліміздің шаруаларына 6,12 млрд текше метр су берген. Бүгінгі таңда дихандармен суармалы су беру туралы 23 886 келісімшарт жасалған.
Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстан тарапымен жарты жылда елімізге Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген еді. Суару кезеңінің соңына дейін өзбек тарапы тағы 500 млн текше метр су жібермек.
Сондай-ақ Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан үшін судың сұрауы арта бермек. Өйткені ғаламдық жылынудың әсерінен құрғақшылықтың зардабы күшеймесе, азаймайтын түрі бар. Суды үнемдеудің өмірлік маңызы артып келеді.