Жаңалықтар

Астананы дамытуға арналған инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асты

Астанаға тартылған инвестиция көлемі – 632 миллиард теңге/ фото kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Әкім елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді.

Жеңіс Қасымбектің мәліметі бойынша бас қалаға тартылған инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асқан. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 %-ға артық.

Елорда жылыту маусымына қамдануда. 2024 жылы «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегін, «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, сондай-ақ 3-ші ЖЭО-ның көмірмен жұмыс істейтін бөлігін іске қосу жоспарланып отыр.

Одан бөлек өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларын дамытуға көңіл бөлінген.

Шаһар басшысы мектеп, баспана, медициналық орталықтар құрылысы, апатты жағдайдағы үйлерді бұзу, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жөнінде баяндады.

Биылғы жоспар бойынша

  •        20-дан астам мектеп пен 4500 орындық 6 студенттік жатақхана салынады;
  •        170 аула мен қоғамдық орын, атап айтқанда саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып, 70-ке жуық көше жөнделеді;

Астанада құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері мәселесі күрделі. Әкімнің айтуынша, үйін даулаған 16 мыңнан астам үлескер-отбасының 15,5 мыңы баспаналы болған. Қалған үлескерлер пәтерлеріне осы жылдың соңына дейін қоныстанады. Дегенмен сарапшылар қала құрылысын дамыту мәселесін өзекті деп санайды. Құрылыс салушылар ассоциациясы форумында экономист Рақым Ошақбаев басты мәселелерді сараптап берді.

«Алғашқы кезде Астана мен Алматыдағы пәтерлерге сұраныс күшті болды. Қазіргі уақытта баспана бағасы жетер шегіне жетті, нарықта дағдарыс пайда болды. Ескі үйлермен қатар коммуналдық желілерде әбден тозды. Әсіресе, Астанада қатты байқалады. Бұл сыздауық секілді жанға батып тұрған мәселенің бірі. Орта құрылыс нарығында кондуктор жоқ деп есептеуге болады. Яғни құрылыстың заң талаптарына сай болуының, мемлекет ұсынған ережелердің сақталуының нақты қадағалайтын орган жоқ. Үлестік құрылыс жобалары бойынша келісімшарттардың 60 пайыздайы Қазақстан нарығында ресми тірде тіркелмейді деген сөз бар. Тіпті Астанада заңсыз салынып жатқан нысан көп», – деді Ошақбаев.

2023 жылдың қорытынды есебі бойынша Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 28,2 млрд доллардан асты. Астана қаласы 1997-2023 жылдар аралығында жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемін 231,6 есе, яғни  87,5 доллардан, 20 265  долларға дейін өсірді.

Астана 2015 жылға дейін «дотациялық өңір» болып келді. Яғни еліміздегі бас қала өз бюджетін өзі қамтамасыз ете алмайтын, экономикалық қуаты әлсіз жас қала болғандықтан, Үкімет жыл сайын республикалық бюджеттен көмек (субсидия) беріп отырды. 2014 жылы республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге соңғы трансфертін алған Астана 2015 жылдан бастап, керісінше, республикалық бюджетке 7,5 млрд теңге аударды.