Төтенше жағдайлар министрлігі 24,8 млрд теңгеге 11 әуе кемесін сатып алмақшы

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
мчс
Әуе кемелері төтенше жағдайлар аймақтарынан адамдарды эвакуациялау үшін пайдаланылады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанда азаматтық қорғаудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына түзетулер енгізілді. Енді Төтенше жағдайлар министрлігіне әуе кемелерін сатып алу үшін мемлекет қазынасынан 24,8 млрд теңге бөлінеді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.

«Қаржы лизингі тетігін пайдалану арқылы ТЖМ материалды-техникалық базасын жабдықтау үшін 11 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отыр. 24,8 млрд теңге мөлшеріндегі қажетті сома республикалық бюджеттен 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен бөлінетін болады»,  – делінген хабарламада.

Бұл мәселе республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапқан.

«ТЖМ материалдық-техникалық базасын нығайту авиациялық техникамен қамту аймақтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Әуе кемелері жетуі қиын жерлерде орын алған төтенше жағдайлар аймақтарынан эвакуациялауға және құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету үшін қолданылады. Ссондай-ақ су тасқыны және өрт қаупі басым кезеңдерде мониторингтің тиімділігін арттыру мақсатында пайдаланылады»,  – делінген Үкімет хабарламасында.

Биыл шілде айында ТЖМ құрамындағы департамент базасында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылған еді. Оған Үкімет 1,6 млрд теңге бөлді. Жобаның түсіндірме жазбасында 2024-2028 жылдар аралығында бүкіл жобаны жүзеге асыруға жалпы сомасы 1 638 715 000 теңге бөлінетіні жазылды.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлеріне қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға рұқсат бермек. Қаулы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігін қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілердің тізбесіне енгізу көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз