Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіру көлемі 95 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткішке премьер-министрдің көңілі толмады
Биыл жарты жыл ішінде Қазақстандағы фармацевтика өндірісінің көлемі 95 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға артық. Үкімет үйіндегі кезекті жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осындай статистикалық мәліметтер келтірді. Алайда Премьер-Министр Олжас Бектенов мұнымен келіспейді, өйткені саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары екенін айтады.
Әлназарованың дерегінше, бүгінде 35 қазақстандық өндірушімен 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім түрін жеткізуге 94 ұзақмерзімді шарт жасалған. Министр осы шарттардың арқасында үш жыл ішінде өндіріс кезең-кезеңімен толық көлемге шығатынын айтады.
«Жылдың соңына дейін өзге 24 отандық өндірушілермен ұзақмерзімді шарттар жасау арқылы 1 412 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізіледі деген жоспар бар. Дәрілік заттарды сатып алу кезінде отандық өндірушілер үшін преференциялар белсенді пайдаланылады. Мәселен, осы тетікті пайдалана отырып, биылғы алты айда 29,5 млрд теңгеге 196 дәрі-дәрмек түрлері жеткізілді», — деді Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы кең таралған ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізімі жасалағанын жеткізді. 283 дәрілік зат іріктеліп алынған, ал осы тізімдегі 107 дәрілік заттар Қазақстан аумағында өндіріледі.
Әлназарованың баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы отандық фармацевтика саласының әлеуеті министр айтқан деңгейден әлдеқайда жоғары екенін айтады. Осы орайда Бектенов салаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, медициналық ұйымдардың электрондық форматқа көшуін мейілінше жеделдетуді міндеттеді.
«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің фармацевтика өндірісі 14,5 пайызға ұлғайды. Алайда саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына қарай одан әрі ұлғайтып, шығарылатын препараттардың көлемі мен тізбесін кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ фармацевтика өнімін сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың электрондық сатып алу жүйесіне көшуін тездету қажет», — деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Денсаулық министрлігі дәрі-дәрмек бағасын бақылап отыру үшін Dari.kz қосымшасын іске қосты. Ведомство осылайша дәріханалардағы өнім бағасын қадағалап отырмақшы.
Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап кетті
Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Денсаулық министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын дұрыс бақыламайтынын айтқан болатын. Жүргізілген аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады.
Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын төмендетуді көздеп отырғаны хабарланды. Бұл делдалдарды алып тастау және дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алған жағдайда жүзеге асады.
Осыдан кейін Ақмарал Әлназарова фармацевтика компанияларын дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге шақырған болатын. Ол фармкомпанияларды «әлеуметтік жауапкершілік танытуға» үндеді.