«Құны 47 млрд»: ресейліктерге тиесілі компания Атбасарда локомотив құрастыру зауытын салады
Атбасар қаласында құны 47 млрд теңге болатын Локомотив құрастыру зауыты салынады. Ірі жобаны «Қамқор Локомотив» жеке компаниясы жүзеге асырады. Бұл жайында Ақмола облысының әкімдігі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Зауыттың құрылысы 2025 жылы басталады. Ал 2026 жылдың соңында алғашқы локомотив шығарылады деген жоспар бар.
Кәсіпорын жылына 360 локомотив секциясын құрастыра алады. Жобаны пайдалану және құрылыс кезеңінде 800 адам жұмыспен қамтылмақшы.
«Тепловоздық және электровоздық тартқышы бар локомотивтерді құрастыру жүргізілетін болады. Сонымен қатар экологиялық компонент бойынша талаптар қарастырылған – бұл тартымдылықтың сұйытылған газға ауысуы. Атбасарда жұмыс істеп тұрған зауыт станциясы таңдалып отыр. Бұл логистикалық тұрғыдан да дұрыс шешім, өйткені ол республикалық жолға және бас қалаға да жақын орналасқан көлік айрығында тұр», – деді «Қамқор Локомотив» ЖШС директоры Алтай Жұматаев.
«Қамқор Локомотив» ЖШС кімге тиесілі?
«Қамқор Локомотивтің» құрылтайшысы – «Казахстанские транспортные технологии» ЖШС. Ал бұл компания ресейлік «Вектор технологических решений» және «Дискусқа» тиесілі.
«Қамқор Локомотив» компаниясы – локомотивтерге және мамандандырылған жылжымалы құрамға сервистік (техникалық) қызмет көрсетеді. Күрделі жөндеу, электр машиналарын және жылжымалы құрамның басқа да тораптарын жөндеуді жүзеге асыратын Қазақстандағы ірі кәсіпорының бірі.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда локомотивтерді екі кәсіпорын шығарады – бұл «Электровоз құрастыру зауыты» және «Локомотив құрастыру зауыты». Олардың өндірістік қуаты жылына 100 бірлік техниканы құрайды. Ақпан айында АҚШ-тың Wabtec компаниясы Қазақстандағы дизельді локомотивтердің жалғыз өндірушісі – «Локомотив құрастыру зауыты» бірлескен кәсіпорнының қалған 50% акциясын сатып алған еді. Қазір шетелдік компания Астанадағы зауыттың толыққанды иесі.