Қазақстанда жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 180 кәсіпорын іске қосылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайта ала ма?
Биыл жыл соңына дейін Қазақстанда керамикалық плиткалар, жүк автомобильдер компоненттері және теміржол вагондарына арналған серіппелер шығаратын өндіріс орындары ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Ведомство басшысы осы жылы отандық тауар өндірушілердің саны айтарлықтай ұлғаятынын айтады. Министрліктің жоспары бойынша жыл соңына дейін 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба іске қосылады.
«Бұл жобалар іске қосылғанда, 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 158 млрд теңгеге 43 жоба іске қосылып, екі мыңдай жұмыс орны ашылды», – деді министр.
Шарлапаевтың айтуынша, іске қосылған жобалардың қатарында Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот аммоний сульфаты» Қызылорда облысындағы Orda Glass энергия үнемдейтін шыны зауыты, Батыс Қазақстан облысындағы Каспи Мұнай Капитал мұнай газ жабдықтар сияқты өндірістер бар. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – импортты алмастыру.
«Сонымен қатар жыл соңына дейін Шымкент қаласында Wan Sheng Ceramic керамикалық плиткалар өндірісі, Қостанай облысында KamLitKZ жүк автомобильдер компоненттерінің өндірісі, Қостанай облысында серіппелі теміржол вагондарына арналған серіппелер өндірісін іске қосу көзделген», – деді министр.
Осыған дейін Қанат Шарлапаев Алматы қаласында Xiaomi теледидарларын құрастырып шағаратын зауыты іске қосылғанын хабарлаған еді.