Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы баға, Huawei-дің жаңа чипі, MSCI қытай акцияларынан құтыла бастады

Қор нарығына шолу / Shutterstock

Шілденің соңында АҚШ-тағы өндірушілердің бағасы болжамдарға қарағанда шамалы өсті. Morgan Stanley компаниясының қызметкері Уилсон «аю нарығының» белгілері байқалмайтынын айтты. MSCI тағы 60 қытай акциясын өз индекстерінен алып тастады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 13 тамызға арналған шолуымыздан оқыңыз.

АҚШ өндірушілерінің бағасы болжамдарға қарағанда шамалы өсті

Еңбек статистикасы бюросының есебіне сәйкес, АҚШ-та шілде айындағы өндірушілердің баға индексі өткен аймен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Жылдық мәнде бағалар (2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда) 2,2%-ға артып отыр. Bloomberg экономистері өсім 0,2%-ды құрайды деп болжам жасаған еді. Қазіргі деректер төрт айдағы ең қарапайым көрсеткіш болып саналады деп хабарлады Bloomberg. Тұтыну бағаларының базалық индексі өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ға өсті.

Әдетте өндірушілердің баға индексі туралы деректер тұтыну бағаларының жалпы индексіне қатысты мәліметтерді алдын-ала алады. Шілдедегі қалыпты өсім CPI тарапынан тосынсыйлар болмайтынын және төмендеу траекториясында қалатынын көрсетіп отыр.

Есептен кейін қор индекстері мен қазынашылық фьючерстері өсті. Трейдерлер қыркүйек айында ставканың жарты тармаққа төмендеу ықтималдығын арттырды. АҚШ-тағы акциялар өсіп жатыр: Dow бір күн бұрын 1%, NASDAQ – 2,4%, S&P 500 1,6% қосты.

Morgan Stanley өкілі Уилсон «аю нарығының» белгілерін көрмей отыр

Morgan Stanley компаниясының қызметкері Майк Уилсонның айтуынша, қор нарығының «толықтай құлдырау» ықтималдығы төмен. Жаздың соңы мен күздің басындағы нашар маусымға және белгісіз өсу перспективаларына қарамастан, сарапшы осындай болжам жасап отыр. Ол шілдеде америкалық акциялардың төмендеуін дұрыс болжаған еді. Енді ол үлкен құлдыраудың да, қомақты өсімнің де белгілерін көрмей отыр. Оның пікірінше, жақын арада S&P 500 индексі 5000-5400 аралығында құбылатын болады. Бұл туралы Bloomberg жазды.

«Экономикалық өсудің баяулауы, пайыздық мөлшерлемелерді төмендету бойынша «бастама көтергісі келмейтін» ФРЖ мен компаниялар пайдасына шамадан тыс оптимистік көзқарастар қор нарығының одан әрі өсуіне жол бермейді», – дейді Уилсон. S&P 500 индексі 2024 жылдың қаңтарынан бері 13%-ға өсті. Стратегтің пікірінше, мүмкіндіктер индекстерде емес, жеке акцияларда сақталып отыр.

Уилсон қорғалған акцияларды екі есе көп сатып алу туралы ұсынысын жеткізді. Ал бұл Уолл-стриттің ортақ пікіріне сәйкес келмейді. Өйткені инвесторлардың көпшілігі қарқынды өсім боларына сенімді. Бұған ЖИ секторы әсер етеді деген сенім бар.

MSCI өз индекстерінен тағы 60 қытай акциясын алып тастады

Asia Financial жазғандай, тамыз айының соңында MSCI жаһандық индексін құрастырушы өз индикаторларынан тағы 60 қытай акциясын алып тастайды. Оның 56-сы құрлықтық Қытайға, төртеуі Гонконгқа тиесілі. Бұған нәтижелердің мардымсыздығы және инвесторлардың қағаздарға деген қызығушылығының төмендігі себеп болып отыр.

Олардың қатарында Beiqi Foton Motor автоөндірушісі, People.cn мемлекеттік медиа тобы, China Tourism Group Duty Free, Ganfeng Lithium Group және GF Securities компаниялары бар.

Осылайша, биыл Қытай акциялары осымен үшінші мәрте шығарылып отыр. Ақпан және мамыр айларында тағы 122 акция алынып тасталған-ды. Оларды негізінен Үндістан, Жапония және Корея эмитенттері алмастырады деп күтіліп отыр.

Бұл өзгерістер жалпы MSCI дамушы нарық индексіне және MSCI All Country World Index индексіне әсер етеді. Шілде айының соңында Қытайдың ішкі және оффшорлық акциялары дамушы нарықтар үшін MSCI индексінің жалпы үлесінің шамамен 22%-ын құрады. Бұл ретте тамыз айында MSCI индекстеріне тек екі қытайлық акция қосылады. Олар – баспа платаларын шығаратын Victory Giant Technology және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар жасайтын Huaneng lancang River Hydrostructure.

Сарапшылардың пікірінше, жаһандық инвесторлар бірнеше жылдан бері Аспанасты елінің акцияларына тиісті назар аудармай келеді. Бұған батыс тарапынан технологиялық компаниялардың шектеулері мен елдегі ұзаққа созылған жылжымайтын мүлік дағдарысы түрткі болып отыр. Жалпы қытайлық акциялар бес жыл бұрынғы ең төменгі деңгейге жақындап келе жатыр.

Huawei жаңа ЖИ чипін шығаруға дайындалып жатыр

Қытайлық Huawei Technologies компаниясы жасанды интеллект енгізілген жаңа чипті шығаруға жақын деп жазды The Wall Street Journal. Ол Қытайдың ішкі нарығында америкалық Nvidia чипімен бәсекеге түспек. Кейінгі апталарда қытайлық интернет-компаниялар мен тасымалдаушылар Ascend 910C деп аталатын жаңа процессорды сынап көрді деп хабарлады басылым дереккөздері.

Huawei әлеуетті клиенттерге жаңа чипті АҚШ санкцияларына байланысты қытайлық тұтынушыларға қолжетімсіз Nvidia-ның Н100 чипімен салыстыруға болатынын айтты. WSJ сұхбаттасушыларының айтуынша, қытайлық ByteDance, Baidu және мемлекеттік байланыс операторы China Mobile 910С чипін сатып алу жайын талқылап жатқан көрінеді. Тапсырыстардың жалпы құны шамамен 2 млрд долларды, яғни 70 мың бірліктен асуы мүмкін.

Осылайша, Қытай АҚШ-тың осы саладағы шектеулерін айналып өтпек. Сонымен қатар Barclays мәліметтері бойынша, Қытайда чип өндірісі алдағы бес жылда екі есе артуы мүмкін. Бұл ретте АҚШ Қытай нарығына технологияларды жеткізуді шектеуді жалғастырып отыр. Сөйтіп елді жасанды интеллект жабдықтарын өндіруде пайдалануға болатын компоненттерден алыстатып жатқан жайы бар.