Серверлер мен дербес компьютерлерге арналған процессорлар нарығындағы көшбасшылардың бірі, америкалық Intel корпорациясы өз иелігіндегі Arm Holdings акцияларын сатты. Intel-дің АҚШ-тағы ең ірі чип өндіруші ретіндегі позициясы оның алдағы уақытта да алаңсыз өмір сүруіне кепілдік береді. Бірақ оның қандай формадағы кепілдік екені әлі белгісіз, дейді сарапшылар.
Толығырақ
Intel осыдан үш ай бұрын ғана өзіне тиесілі болған 1,18 миллион Arm акциясына енді иелік етпейді, деп хабарлады корпорация 13 тамызда. Bloomberg есебі бойынша, осы кезеңдегі Arm акцияларының орташа бағасы бір қағаз үшін 124,34 долларды құрағанын ескерсек, үлесті сату Intel-ге шамамен 147 млн доллар әкелген болуы мүмкін.
Қазір Intel компаниясының үлесінде Astera Labs деректер орталықтарының, Joby Aviation электрлі әуе такси жобасының, MariaDB дерекқорды басқару жүйесінің және Senti Biosciences қатерлі ісікке қарсы препараттарды әзірлеушінің акциялары бар.
Инвестор үшін не маңызды?
Intel бір кездері үстемдік еткен саладағы орнын қайта қалпына келтіруге тырысады. Тамыз айының басында компания өзінің 56 жылдық тарихындағы ең нашар табысы туралы есептердің бірін ұсынды. Салдарынан компания акциялары құнының үштен бірін жоғалтты. Өсу жолына түсу үшін Intel 15 мың қызметкерді жұмыстан шығарып, басқа шығындарды азайтады. Чип өндірушісі дивидендтер төлеуді де тоқтатты.
Десе де, Arm акцияларын сату өткен тоқсанда Intel-ге табыс әкелуі мүмкін еді. Компания осы кезеңдегі үлестік инвестициялары бойынша 120 млн доллар көлемінде таза шығынға ұшырағанын хабарлады.
Intel-дің нарықта «өмір сүруінің» негізгі кілті – оның зауыттары. АҚШ-тың 300 мм жартылай өткізгіш пластиналарды шығаратын қуатының шамамен 40%-ы компанияға тиесілі. Бұл – нарықтың негізгі сегменттерінде жиі қолданылатын чип өндірісінің бір түрі. Аталған жағдай Intel-ге 2022 жылы қабылданған чип туралы заңның ең үлкен бенефициарларының бірі болуға мүмкіндік берді. Ол үшін компания Аризона мен Огайода жаңа зауыттар салуды қаржыландыру үшін 8,5 млрд доллар көлемінде грант алды.
Контекст
Intel Nvidia және басқа да бәсекелестерінің сатылымын қамтамасыз етіп отырған ЖИ чиптері нарығынан өз орнын табуға тырысқанда қиындықтарға тап болды. The Wall Street Journal атап өткендей, деректер орталықтары үшін осы арнайы чиптерге жұмсалған шығындар Intel бизнесінің негізі болып саналатын дәстүрлі серверлік процессорларға деген сұранысты азайтты. Компания ЖИ-ге арналған Gaudi процессорларының желісі биыл шамамен 500 млн доллар кіріс әкеледі деп күтіп отыр. Салыстырар болсақ, Nvidia тоқсан сайын 20 млрд доллар табыс табады.
Серверлік процессорлар нарығында Intel негізгі бәсекелесі AMD-ге жол берді. Visible Alpha консенсус бағалауына сәйкес, Intel деректер орталықтарының кірісі биыл 12,6 млрд долларға жетеді. Бұл төрт жыл бұрынғы ең тәуір нәтиженің жартысына да жетпейді.
Intel қайда баруы керек? Бұл сұраққа келгенде Уолл-стриттің пікірі қақ жарылып тұр. WSJ жазуынша, кейбір сарапшылар корпорация технологиялық көшбасшылықты қалпына келтіруге назар аударуы керек деп есептейді. Бірақ бұл басқа әзірлеушілердің тапсырысы бойынша чиптерді келісімшартпен шығару үшін құрып жатқан жаңа бизнеске зиян келтіруі де мүмкін. Соған қарамастан компания осындай қадамға баруы керек, деп санайды сарапшылар. Ал сарапшылардың тағы бір легі Intel компаниясына қолға алып жатқан жаңа бизнесіне ірі клиенттерді көбірек тартуға назар аударуды ұсынды. Өйткені компанияның деректер орталықтарына арналған ЖИ үдеткіштері сияқты негізгі нарықтарда бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігі шамалы.
Акциялардың жайы
Intel акциялары шамамен 68%-ын жоғалтып жатқанда, корпорация басшысы Пэт Гелсингер 2021 жылдың басында компанияға оралғаннан кейін өзінің сауықтыру жоспарын алғаш рет жариялады. Осы уақыт аралығында S&P 500 39%-ға өсті. FactSet мәліметтері бойынша, Intel қазір кем дегенде 1981 жылдан бастап осы статистика жүргізіле бастағаннан бері компанияның баланстық құнынан да төмен деңгейде сауда жасайды. Бұл инвесторлар әлемдегі ең ірі чип өндірушінің кәсіпорындары мен балансындағы басқа да активтердің құнынан төмен бағалайды деген сөз.
FactSet мәліметтері бойынша, 49 сарапшының 34-і Intel акцияларын ұстауды ұсынып отыр. Алтауы оларды сатып алуға, ал сегізі сатуға кеңес береді. Әлемдегі барлық дерлік смартфондарда қолданылатын Arm «орташадан жоғары» (overweight) консенсус рейтингіне ие. Яғни, сарапшылар инвестициялық портфельдегі Arm акцияларының үлесін олардың эталондық салмағымен (орташа нарықтық динамиканы көрсететін индекс) салыстырғанда көбейтуді ұсынады.