Әлемдегі ең көне журнал брендтерінің бірі Қазақстан, Орталық Азия және Түркі әлемі елдерінің нарығына шығады

Жарияланды
коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Tatler журналы Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия нарығына шығады. Жетекші медиа-платформалардың бірі Tatler Asia мен Тимур Турловтың Turlov Private Holding ltd компаниясы арасында келісім жасалды.Tatler Kazakhstan журналының алғашқы нөмірі 2024 жылдың желтоқсанында жарық көреді.

Tatler – әлемдегі әлі күнге дейін жарияланып отырған ең көне журнал бренді. Ол 1709 жылы Ұлыбританияда пайда болды. Tatler 1977 жылдан бері Оңтүстік-Шығыс Азияның ең ықпалды қауымдастықтарын серіктестікке тарта отырып, оқырмандарына шабыт сыйлайтын, көкжиегін кеңейтетін және ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыратын эксклюзив материалдар мен ұмытылмас әсер сыйлап келеді. Tatler Азияның Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Таиланд, Макао, құрлықтық Қытай, Тайвань мен Вьетнам секілді тоғыз нарығында жұмыс істейді. Tatler Азия мәдениетінің үздік жақтары және аймаққа ең елеулі ықпал жүргізетін адамдар туралы әңгімелеп беретін инновациялық медиаларды жүргізеді.

Турловтың айтуынша, Қазақстан әлемдік шығармашылық орталықтарының бірі және Tatler-дің таңдауы қазақстандықтарды мойындауы.

«Әлемдегі беделді журнал брендтерінің бірі Tatlerдің дәл біздің команданы және Қазақстанды таңдағанына, Түркі әлемі секілді үлкен аймақты бізге сеніп тапсырғанына мақтанамыз. Бұл шешімнің кәсібилігін көрсетіп, медиасалады түркі аймағында көшбасшы болуға дайын екенін көрсеткен қазақстандықтардың талантын мойындау екені сөзсіз. Біз Қазақстанға трендсеттер-мемлекет және шығармашылық, cән әлемі, өмір салты стандарттары бағытында әлемдік орталықтардың бірі ретінде сенеміз», — деп атап өтті Турлов.

Тимур Турлов / Фото: Валерий Аяпов

Tatler Asia директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры Мишель Ламуньер: » Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінде журналдарды шығару аясында біз Тимур Турловпен, оның командасымен серіктестік орнатқанымыз үшін аса қуаныштымыз. Бұл әріптестік Tatler Asia тарихының маңызды кезеңін ашып отыр әрі оны тұтас континентке таралу жолындағы іргелі қадамымыз деп білемін. Осы команда басшылығымен тығыз жұмыс істеп, инновацияға толы өнімдеріміз бен креативке бай қызметімізді Қазақстан мен аймақтағы басқа елдерге ұсынуды асыға күтем», – деп атап өтті.

Мишель Ламуньер / Фото: Tatler Asia

Журналдың баспа нұсқасы жылына он рет шығарылмақ. Tatler Kazakhstan сайты қазақ және орыс тілдерінде бір уақытта іске қосылады. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында аккаунттар ашылады. Tatler Türkiye 2025 жылы баспа және цифрлық форматта жарық көреді, бұдан соң Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistanшығады. Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan мен Tatler Uzbekistan Turlov Private Holding Ltd. компаниясының басқаруында болады, ал Турлов мырза Бақылаушылар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Николай Усков, тарих ғылымдарының кандидаты, танымал журналист, редактор және жазушы, GQ және Forbes журналдарын, сондай-ақ бірқатар басқа да танымал қазақстандық басылымдарды басқарған. 2022 жылдан бастап Турловтың медиа жобаларына кеңесшілік етіп келеді. Ол Tatler Kazakhstan-ның редакциялық директоры болып тағайындалды.

Николай Усков / Фото: Валерия Карабан

Александр Воротилов Tatler Kazakhstan-ның бақылаушылар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Воротилов — танымал қазақстандық журналист, редактор және медиа-менеджер. Forbes Kazakhstan журналының іске қосылуына және жетекші іскерлік басылым Kursiv Media газеті мен сайтының қайта жандануына атсалысқан маман. Турловтың БАҚ мәселелері бойынша кеңесшісі қызметін атқарады.

Александр Воротилов / Фото: Валерия Карабан

Tatler Kazakhstan-ның бас директоры болып Марина Газизова-Яковлева тағайындалды. Газизова-Яковлева Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда дүниеге келген, мансап жолын журналист ретінде бастаған. Кейінірек ол елдің жетекші банктерінің бірінің қоғаммен байланыс бөлімін басқарды. Осыдан соң жеке коммуникация агенттігін құрды, оны соңғы үш жыл бойы сәтті басқарып келеді.

Марина Газизова-Яковлева / Фото: Валерия Карабан

Тимур Турлов — белгілі қазақстандық кәсіпкер әрі меценат. 18 жасында жеке брокерлік компаниясын құрған. 33 жасында Forbes жаһандық тізіміне енген. Турлов – NASDAQ-та саудаланатын Freedom Holding Corp. инвестициялық компаниясының негізгі акционері. Сонымен қатар ол түрлі медиа және телекоммуникация компанияларына инвестиция құяды. Бизнес, ойын-сауық индустриясы, мәдениет және білім беру салаларына қызығушылығы бар Турлов 2022 жылдың соңында Қазақстан шахмат федерациясының президенті болып тағайындалды. Ол сондай-ақ Қазақстандық QJ лигасының (Жастар футбол лигасының) негізін қалаушы.

Сондай-ақ оқыңыз