Мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты қаншалықты қамтамасыз етуде?
Әлемдегі бензин бағасы
GlobalPetrolPrices зерттеу орталығының мәліметінше биылғы жылдың 5 тамызындағы жағдай бойынша октан-95 (АИ-95) маркалы бензиннің әлемдегі орташа бағасы литріне 1,32 долларға жеткен. Елдер арасындағы бағалардың айырмашылығы бензинге салықтар мен субсидиялардың әртүрлілігіне байланысты болып келеді. Барлық ел халықаралық нарықтардағы бірдей мұнай бағасына қол жеткізе алғанымен, ішкі салықтық реттеулердің салдарынан бензиннің бөлшек саудадағы бағасы әртүрлі. Зерттеу орталығы әлемдегі 150-ден аса елдердің бөлшек саудадағы бензин бағасының ең төмен баға мен ең қымбат баға арасындағы айырмашылығы 400 еседен асып отыр. Швейцария, Сингапур, Дания елдерінде бензиннің құны 1 000 теңгеден жоғары бағада сатылады. Ал ең қымбат жанармай 1 568 теңге және бұл Гонконгта тіркелген.
Қазақстан Аи-95 маркалы безин бағасының қолжетімділігі бойынша 245 теңге бағамен әлемде 11-орында. Бұл республика бойынша жанармайдың орташа бағасы.
Иран, Ливия, Венесуэла үштігінде бір литр жанармайдың құны 20 теңгеден аспайды. Көрші Ресейде 326 теңге, Қырғызстанда 420 теңге, ал Өзбекстанда 474 теңгені құрап отыр.
Дизель отыны
Дизель отыны бойынша 5 тамыздағы GlobalPetrolPrices зерттеу орталығының мәліметінше, Қазақстанда бөлшек сауда нарығындағы дизель отынының 1 литр бағасы 290 теңге. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде баға тізімінде 16-орында. Дүние жүзінде дизель отынының орташа бағасы литріне 592,14 теңгені құрайды. Өзбекстанда дизель отыны үшін 1 литр 459 теңгеге дейін қымбаттаған. Ал Қырғызстанда 1 литр үшін 423 теңге, Ресейде 375 теңгеге сатылуда.
Бағаны қолдан реттеу
ҚР Энергетика министрлігі ішкі нарықта АИ-92 маркалы бензиннің бағаларына қаулы шығару арқылы шектеу енгізіп келеді. Мамыр айындағы Энергетика министрінің бұйрығында АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 205 теңге; дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 295 теңгеден жоғары болмауға тиіс. Өзге маркадағы бензин түрлерінің бағасы нарықтық реттеу арқылы анықталады.
Импорттың төмендеуі байқалады
Қазақстан жанар-жағармай материалдарын импорттауды біртіндеп азайтуға көшті. Отандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты қамтамасыз етуде. 2023 жылы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 17,7 миллион тонна мұнай өңделіп, 14,2 миллион тонна мұнай өнімдері өндірілді. Оның ішінде 5,3 миллион тонна бензин және 5,2 миллион тонна дизель отыны бар. Бұл ретте 5,1 миллион тонна бензин, 5,6 миллион тонна дизель отыны тұтынылды.
Қазақстанның отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығының дерегінше, 2024 жылдың І жартыжылдығындағы отын энергетика баланысында мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз етуі – 98,7%, бензин (АИ-92) -100,2%, бензин (АИ-95) -98,2% болған. Ал авиа отын бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету көрсеткіші – 80,4%-ды құрап отыр.
Экспорттаушы елге қашан айналамыз?
Қазіргі уақытта зауыттардың мұнай өңдеу қуатын жылына 18-ден 27 миллион тоннаға дейін арттыру жұмыстары басталып кетті деп хабарлайды министрлік. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өткізу қабілетін жылына 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) – 5,5 миллион тоннаға (2 кезеңде), Атырау мұнай өңдеу зауытын – 5,5 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар жол битумын өндіруге маманданған Caspi Bitum зауытының қуатын 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.
Модернизациядан кейін Қазақстандық ірі мұнай өңдеу зауыттарында бұл көрсеткіш 85-89%-ға дейін өсті: Атырау зауытында – 64%-дан 86%-ға, Павлодарда – 77%-дан 85%-ға, Шымкентте – 74%-дан 89%-ға жуықтады.
2000-шы жылдардың басында басталып, 2018 жылы аяқталған бұл үш зауытты жаңартуға барлығы 2 триллион теңге жұмсалды, бұл шамамен 6,3 млрд доллар.
Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Үкімет қазақстандық МӨЗ-дердегі мұнай өңдеу тереңдігін тағы да – қазір 90-97%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.
Ведомствоның пайымдауынша, мұнай өңдеу тереңдігін арттырумен қатар, жобаларды іске асыру Қазақстандағы мұнай өндіру мен өңдеудің арақатынасын 5-тен 3,9-ға дейін жақсартуға әкеледі. Бүгінде жылына 90 миллион тонна өнім өндірілсе, өңдеу көлемі 18 млн тоннаны құрайды. Яғни жыл сайын өндірілетін шикі мұнайдың бестен бір бөлігі (20%) өңделеді. Модернизациядан кейін 2030 жылға қарай жылына 104 миллион тонна мұнай өндіріледі деп күтілуде, оның 27 миллион тоннасын өңдеу жоспарлануда, яғни шикізаттың жалпы көлемінің шамамен төрттен бірі (25%). Егер Үкіметтің жоспары іске асса, Қазақстан мұнай өнімдерімен ішкі нарықтан қамтамасыз етіп, тұрақты экспорттаушы елдердің қатарына кіретіні анық.