Жаңалықтар

Air Astana ұшағы енді Алматы әуежайында зақымданды

Air Astana ұшағы Алматы әуежайында зақымданды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

13 тамызда Air Astana әуе компаниясының ұшағы Алматы халықаралық әуежайында зақымданып, рейстердің кешігуіне себеп болған.

«Air Astana 13 тамызда КС 267 Алматы-Бейжің рейсін дайындау кезінде әуе кемесінің есігі тамақ таситын машинадан зақымданғаны туралы хабарлайды», – делінген хабарламада. 

Әуе компаниясы осының әсерінен рейстің кешіктірілгенін және бұған компанияның кінәлі емес екенін жазған. Ұшуы керек болған жолаушылар бүгінгі рейспен діттеген жеріне жеткізілетінін атап өткен.

Компания Алматы халықаралық әуежайының материалдық залал келтіру және ұшу кестесін бұзатын оқиға жасаудың алдын алуға шақырады.

1 тамызда Астана әуежайының қызметкерлері Scat компаниясының ұшағына зақым келтірген. 5 тамызда әуежай операторы FlyArystan ұшақтарының біріне зақым келтіріп, осының салдарынан ұшақ бірнеше күнге мәжбүрлі тұраққа қойылған.

11 тамызда Астана халықаралық әуежайында Астана-Атырау бағытында ұшатын әуе кемесіне контейнер соғылып, зақым келген.

Компания осы мәселені көтергеннен кейін, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің соңғы уақытта әуе кемелеріне келтірілген залал оқиғаларының жиі болуына байланысты елордалық әуежайда жоспардан тыс инспекция өткізетіні белгілі болды.