Банк пен қаржы

KEGOC «Қазақмысты» сотқа беріп, 412 млн теңге кепілдік өндіріп алған

KEGOC «Қазақмысты» сотқа беріп, 412 млн теңге кепілдік өндіріп алған / коллаж kursiv.media (shutterstock и kegoc.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

KEGOC электр желілерінің операторы (85% «Самұрық-Қазынаға» тиесілі) «Қазақмыс» мыс өндіруші корпорациясын (миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі)  «DSFK арнайы қаржы компаниясының» облигацияларының кепілдігіне қатысты сотқа беріп 412 млн теңгеге жуық соманы өндіріп алған. KEGOC бұл облигацияларды 2017 жылы Bank RBK депозиттерінің міндеттемелері ретінде сатып алған. Бұл туралы электр желілері операторының 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған қаржылық есебінде жазылған.

Ұлттық банк, Үкімет, Bank RBK және жаңа инвестор Bank RBK-ны кезең-кезеңімен қалпына келтіру мақсатында келісімге 2017 жылғы 7 қарашада қол қойылған. Осы міндеттерді орындау үшін DSFK компаниясы құрылған. KEGOC банкте сақталған депозиттерін қайтару үшін «DSFK борыштық бағалы қағаздарын» сатып алған. DSFK қаржы компаниясына Bank RBK күмәнді активтері берілген. Компания сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, фирма «облигацияларды ұстаушыларға төлемдерді қамтамасыз ету мақсатында берілген берешекті өндіріп алу бойынша жұмысты жүзеге асырады» делінген.

Облигацияларды сатып алғанға дейін Bank RBK-да орналастырылған депозиттердің номиналды сомасы 1,5 млрд теңгені құраған. DSFK қағаздарының купондық мөлшерлемесі жылдық 0,01% және өтеу мерзімі 15 жыл. Облигациялар KEGOC сұранысы бойынша пайдаланылуы мүмкін. Алайда оны сату үшін облигациялар шығарылған күннен бастап (2023 жылдың соңында) бес жыл өтуі керек. Бұл келісімге 411,8 млн теңге сомасында «Қазақмыс» қаржылық кепілдік берген. Жоғарыда аталған сотта KEGOC осы кепілдікті алу үшін сотқа шағымданған. Алайда шағымның себебі түсіндірілмеген.

2023 жылы KEGOC «Қазақмысқа» кепілдік бойынша төлем жасауды талап етіп бірнеше рет жүгінген. Нәтиже болмағаннан кейін электр желілерінің операторы мыс өндіруші компанияны сотқа берген. Осының нәтижесінде «Қазақмыс» сот шешімімен жоғарыда аталған соманы 2024 жылдың 3 қаңтарында толығымен өтеген.

«KEGOC басшылығы 2024 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша DSFK облигацияларының әділ құны нөлге тең деп санайды. Өйткені оларды сенімді бағалау мүмкіндігі жоқ. Облигациялардың құны DSFK-дан табыс түскеннен кейін қалпына келтіріледі», – делінген KEGOC қаржылық есебінде.

2023 және 2024 жылдардың бірінші жартысында DSFK құны тиісінше 913 мың теңге және 24,1 млн теңге болатын облигацияларды өтеген. 

2017 жылы «Қазақмыс» тобы Bank RBK дефолтынан кейін, салымшылардың ақшасы мен банкті құтқаруға қажетті ішінара міндеттерді өтеуге тиісті болған. Салымшылар алдындағы міндеттің жалпы көлемі 335 млрд теңге болған. Оның 150 млрд теңгесі Ұлттық Банкке, қалған 185 млрд теңге квазимемлекеттік секторға тиесілі болды.

Bank RBK-ның «Қазақмыс» кепіл болған міндеттемелері мемлекеттік және квазимемлекеттік институттарға қатысты болған. Олардың талаптары бір компанияға, яғни DSFK-ге біріктіріліп, кепілдік осы компанияның облигацияларына ауысқан. Бұл қағаздардың негізгі ұстаушылары Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниялары (оның ішінде KEGOC-та бар), «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес компаниялары мен «ҚазАгро» құрылымдары болды.