Жаңалықтар

Қазақстандықтардың шағымынан кейін, Air Astana мен FlyArystan әуекомпаниялары тексеріледі

Қазақстандықтардың шағымынан кейін, Air Astana мен FlyArystan әуекомпаниялары тексеріледі / фото, коллаж: бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының рейстері кешігуіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты басқа да жағдайларды анықтау үшін арнайы тексеріс комиссиясы құрылды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

«Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-ның техникалық себептер бойынша рейстерді кешіктіру жағдайларының көбеюіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты көптеген шағымдарға байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшулардың тоқтатылуы, кешігуі және тиісті қызметтерді көрсетпеу себептерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты басқа да жағдайларды анықтау үшін комиссия құрды», – делінген хабарламада.

Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті FlyArystan мен SCAT әуе компанияларына әкімшілік айыппұл салған еді. Оған жазғы рейстердің кешігіп жатқанына байланысты жолаушылардың шағымданғаны себеп болған.

Ведомство тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. FlyArystan Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпеген. Оларды компания есебінен қонақүйге орналастырмады, әуежайдан алып баруға және алып келуге көлік тасымалын ұйымдастырмады. Осыған байланысты 11 шілде күні «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әуе компаниясына 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал маусым айында Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпеген «SCAT» әуе компаниясы 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) әкімшілік айыппұл төлеуге тиіс болды.

Сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің соңғы уақытта әуе кемелеріне келтірілген залал оқиғаларының жиі болуына байланысты Астана әуежайында жоспардан тыс инспекция өткізетіні белгілі болды

Азаматтық авиация комитеті отандық және шетелдік әуе компанияларын тексеруді жалғастыратынын ескертті.