Қазақстанның Жоғарғы Соты 90-шы жылдардан бері іздеуде жүрген қылмыстық топтың басшысын 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Жоғарғы сот мәліметінше, 1998-1999 жылдар аралығында қылмыстық топ К. басшылығымен Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар аса ауыр қылмыс жасаған. Банда мүшелері көлікті тоқтатып, жүргізушілерді өлтіріп, мәйіттерін шұңқырға көміп тастаған.
Осы уақытқа дейін жалған құжатты қолданып, К. тергеу мен соттан жылдар бойы жасырынған екен. Ол тек 2024 жылдың қаңтарында ұсталды.
«Айыпталушының 5 адамды өлтіргені куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және 1999 жылғы қарулы банданың басқа да айыпталушыларына қатысты үкімімен дәлелденді. Сотталушы кінәсін мойындамады. Сотталушы ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды және ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және жаңа қылмыстардың алдын алу мақсатында сотталушы ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігінің «А, Ж, З, Н» тармақтарымен (1997 ж. редакциясы) кінәлі деп танылып, 25 мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық кодексінің 69-бабына сәйкес, егер қылмыс жасалған күннен бастап 15 жылдан астам уақыт өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Алайда адам өлтіру, аса ауыр қылмыстар жағдайында ескіру мерзімін қолдану туралы шешімді сот қабылдайды. Заңның осы ережелерінің негізінде қылмыстық топ құрып кісі өлтіргені үшін К. 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, статистика бойынша Қазақстанда жыл сайын 11 мыңға жуық адам сотқа дейін қамауға алынады. Әсіресе, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған күдіктілер саны басым. Жоғарғы сот олардың санын азайту үшін енді электронды білезік арқылы бақылау жүйесін кеңейтуді көздеп отыр.
Жоғарғы соттың мәліметінше, тергеу органдарының ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша күдіктілерді қамауда ұстауға санкция беру туралы өтініштерінің саны 30%-ға өскен.