Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған Kaisar Tower бизнес орталығы қыздар университетіне берілді
Қайрат Сатыбалды қайтарған мүліктердің ішінде Kaisar Tower бизнес орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне берілді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Бұған дейін агенттік Қайрат Сатыбалды қайтарған жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекетке берілгені туралы хабарлаған еді.
Олардың ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын Kaisar Tower бизнес-орталығы бар. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілген. Сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады, соның арқасында Аустрия, Франция, Лихтенштейн, Әмірліктер, Түркия, Ресей және басқа елдерден Қазақстанға ақша, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зергерлік бұйымдар түріндегі активтер қайтарылды.
Мәселен, Аустриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Түркиядан 2,2 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге және басқа елдерден қайтарылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке 1,6 млрд доллар қайтарып бергені туралы жазған едік.