Мигранттарға қарсы наразылық: Ұлыбритания полициясы тәртіпсіздіктерге қатысқан мыңнан аса адамды ұстады
Ұлыбританияда тәртіпсіздіктерге байланысты ұсталғандардың саны мыңнан асты. Бұл жайлы Ұлттық полиция басшылары кеңесінің баспасөз қызметі хабарлаған.
«Ұлыбритания бойынша 29 шілдеден бері жалғасып жатқан тәртіпсіздіктерге байланысты тұтқындаулар мен айыптар саны туралы жаңартылған мәліметтер: 1024 адам тұтқындалды, 575 айыпталды», – делінген хабарламада.
Бұл тәртіпсіздіктер шілде айының соңында Руандалық мигранттардың ұлы би байқауына қатысып жатқан бүлдіршін қыздарға пышақпен шабуыл жасағанынан кейін басталды. Салдарынан үш қыз бала қаза тапты. Бұдан кейін жергілікті халық исламға, мигранттарға қарсылығын білдіріп, Ұлыбританияның көптеген қаласында толқулар басталды.
Толқулар тәтіпсіздікке ұласып, наразылық білдірушілер полициямен қақтығысты.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігі бірқатар өңірлерде жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарына Ротерхэм, Болтон, Блэкпул, Халл, Бристоль, Сток-он-Трент, Белфаст, сондай-ақ Манчестер және Ливерпуль қалаларында жағдай тұрақтанғанша, бұл қалаларға барудан бас тартуды ұсынды.
«Қазіргі уақытта аталған елдімекендердегі Қазақстан азаматтарынан қауіпсіздіктің жоғары шараларын сақтауды, қырағылық пен сақтық танытуды, адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды, соңғы жаңалықтардан хабардар болып, ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігімен байланыста болуды сұраймыз»,- деп хабарлады министрлік.