Жаңалықтар

2025 жылы «Алтыналмас» Бақтай алтын кенін іске қоспақ

«Алтыналмас» Бақтай алтын кенін іске қоспақ / Фото: Алтыналмас

Еліміздегі ірі алтын өндіруші компания тағы бір үлкен жобаны қолға алды. «Алтыналмас» АО Бірыңғай экологиялық порталда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында орналасқан Бақтай кенішін игеру жоспарын таныстырды. Бұл туралы Добывающая промышленность Центральная Азия сайты жазды.

Бұл мекеменің жобалық құжатында көрсетілгендей, бұл кеніш бұрын игерілмеген. Бірақ өткен ғасырдан бері тынбай геологиялық барлау  жүргізіліп келген. 2018-2021 жылдары 52 жерден бұрғы салынып, 30 мыңға жуық сынама алынған.

Бақтай «Алтыналмастың» негізгі бір активі – «Пустынное» кен байыту комбинатынан 100 шақырым жерде орналасқан. Жаңа кеніштен шыққан құрамында алтыны бар кен осы жерде өңделеді. Бақтай кенін ашық тәсілмен өндіру көзделіп отыр. Екі жыл бойы кеніш жетілдіріледі. Карьердің өнімділігіне келсек, жылына 940 мың тонна кен шығарылу жоспарланған. Содан кейін компания Бақтайдың кен алаңқайында пайдалануға беру-барлау жұмыстарымен айналыспақ.

 «Алтыналмас» акцияларының нарықтық құны – 151 602, 12 млн теңге. Компания Аquila Gold B.V арқылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі болды.

2017 жылдың маусым айында компания акциясының 32 %-ы Владимир Джуманбаевқа, 67,5 %-ы Нидерландта тіркелген Gooden Reserves B.V-ға сатылған. 2017 жылғы 14 шілдедегі KASE мәліметіне сәйкес, 14,4 млрд теңгеге сатылған көрінеді. Ал 2024 жылғы 12 шілдедегі соңғы дерек бойынша, Gooden Reserves B.V компанияның барлық акциясының 59,97 %-на, ал Джуманбаевқа 19,99 %-ы тиесілі. Gooden Reserves B.V. бенефицары және жетекшісі ретінде қаржылық есептерде Нидерланд азаматтығы бар Анна Березина деген есім көрсетілген.

«Алтыналмас» жылына 520 000 мың унция алтын өндіреді. Қазақстанның төрт өңіріндегі, атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы 9 кеніште алтын өндіреді. 9 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Айта кететін жайт, мұның алдында бағалы металл өндіруші «Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорны шығынын 96%-ға қысқартқаны, «Алтыналмас» компаниясының еншілес ұйымы акционеріне дивиденд төлемейтіні жайында жазғанбыз.