Жеңіл өнеркәсіптегі жылымықтың сыры неде?
Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, жалпы өндіріс көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптегі тауар экспортының үлесі соңғы үш жылда күрт артқан. 2022 жылы – 24 % болса, 2023 жылы бірден 40 %-ға көбейген. Ал биылғы бес айда 43 %-ды көрсетіп отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, еліміздің жеңіл өнеркәсіп өндірісі соңғы жылдары жақсы көрсеткіштерге ие. Мәселен, 2022 жылы 386,5 млн доллардың көлемінде, 2023 жылы 463 миллион доллар көлемінде тауар өндірілген. 2024 жылдың бес айында бұл көрсеткіш 184,9 млн долларға жуықтайды.
Компаниялар өнімін неге сыртқа сатуды ұнатады?
Десе де бұл деректер жеңіл өнеркәсіптің ішкі сұранысты толық қамтасыз етіп отыр дегенді білдірмейді. Импорттың көлемі өте жоғары. Оның үлесі 91-95,4 % арасында. Соңғы үш жылда импортқа жалпы 3 055 – 5 798,5 млн доллар аралағында қаржы жұмсалған.
Осы қасаң деректердің өзі көп жайттың бетін ашып беріп отыр. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы ішкі нарықтың тек қана 9 %–ын қамтамасыз етеді. Демек жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдерін экпортқа шығаруға басымдық береді. Бұл жерде «алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып, содан кейін ғана экспортқа шығарса, қайтер еді» деген сауал туады.
Дегенмен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазіргі қалыптасқан жағдайдың ешқандай сөкеттігі жоқ екенін алға тартып отыр.
«Экпорт экономикалық өсім үшін маңызды рөл атқарады. Жеке компаниялар үшін де, жалпы ел үшін де солай. Экономикалық даму мен халықаралық сахнадағы позициясын бекітуге ықпал етеді. Ғаламдық нарыққа шығу компанияларға бәсекелестік қабілетін күшейтуге, өнім сапасын жақсартуға және өндіріс үдерісін оңтайландыруға ықпал етеді», – деп тұжырымдайды министрлік.
2024 жылы қаңтар мен мамыр айлары аралығында еліміз 79,6 млн доллар көлемінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін эскпортқа шығарған. Бұл 2023 жылдың аталған айларындағы көрсеткіштен 50,6 %-ға жоғары.
Қазақстан брендтері танымал бола бастады
Экспортқа көп шығарылып жатқан тауар түрлері – киімдер мен трикотаж, текстиль материалдары. Атап айтсақ, ерлер мен балаларға арналған күпәйке, мәйкі, пальто, шапан, жамылғы, жұқа кеудеше және басқа да тауарлар.
Сонымен қатар бүгінгі күні қазақстандық брендтер нарықтан өз орнын тауып жатыр. Олардың өнімдерін еліміздің ірі сауда орталықтары мен дүкендерінен оңай сатып алуға болады. Мәселен, GLASMAN, «КАЗЛЕГПРОМ-АЛМАТЫ» ЖШС, QLP, «МИМИОРИКИ», «КазСпо-N» Zibroo, Alerma, Adili, «Shoes Republic», «Zshoes», «Sharkey» танымалдылыққа ие болып келе жатыр.
2023 жылғы дерек бойынша, мақта талшықтары өндірісінің отандық үлесі 100 пайызға жетсе, кілем және кілем өнімдері – 23 пайыз, мақта-матадан жасалған тоқыма және тігін жіптері 15 пайыз болған.
«Жеңіл өнеркәсіпті әрі қарай дамыту үшін бәсекелестікке қабілетті өнімдер, киімдер, аяқкиімдер шығару қажет. Маркетинг, дизайн және дистрибуцияны дамытуға бағыт алған жөн. Бұл шығарылған өнімдердің түрін көбейтуге, импорт тауарлармен бәсекелесе алуға мүмкіндік береді», – дейді министрлік.
Жеңіл өнеркәсіпті мемлекет қалай қолдап отыр?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін бірқатар шаралар қабылдап жатыр. Өйткені бұл саланың дамуы мен отандық өндіріс үлесінің артуы қажет.
Енді жеңілдіктерді санамалай кеткен жөн болар. Айталық, 2022-2025 жылға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасы бар. Жылдық 3 пайыздан аспайтын сыйлықақы мөлшерлемесімен жобаларға қаржы қарастырылған. Мемлекет технологиялық құрал-жабдықтарды сату алу шығындарын өтеп береді.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндірушілер қорғаныс саласының тапсырмаларын орындап жатқаны жасырын емес. Негізінен арнайы, әскери киімдер тігеді. Мұның өзінің жағымды жақтары бар. Кәсіпкерлер үшін тәуекел аз. «Тауарым өтпей тұрып қалмай ма?» деп алаңдамайды.
Жеңіл өнеркәсіп саласының мемлекет үшін маңызы зор. Әлеуметтік-экономикалық қыры басым. Бастысы, халықты жұмыс орындарымен қамтиды. Тұтыну деңгейі бойынша, азық-түлік өнімдерінен кейін екінші орында тұр. Оның үстіне, бұл саланы дамытуға әлеуетіміз жетіп артылады. Шикізаттан таршылық көрмейді. Мақта да, жүн де, тері де табу Қазақстанда еш қиындық тудырмаса керек.