Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Абайұлы Қапеновке іздеу жариялады. Құқықтық статистика және арнайы есеп порталында іздеу картасы осыны көрсетіп отыр.
Азамат Қапенов Ресейдің құқық қорғау органдарының да назарына іліккен. Десе де екі елдің құзырлы органдары оған тағылған айыптарды ашық көрсетпеген.
Құзырлы орган «Азия Авто» ісімен байланысты іздеу жариялауы мүмкін деген болжам бар. Өйткені осы іске қатысты бір емес, бірнеше адам Мәсімов пен оның күйеу баласының үстінен арыз түсіріп отыр.
Серік Хасенов деген азамат аталған қайыната мен күйеу баланың әрекетінен зардап шеккенін айтқан. Кәсіпкер Анатолий Балушкин «бизнесінің 50 пайызын қысым жасағандықтан, Мәсімовке беруге мәжбүр болғанын» мәлімдеген еді. Бұл істе «Азамат Қапенов Мәсімов пен кәсіпкер арасында делдал болған» көрінеді.
Айта кету керек, 2012 жылы Азамат Қапенов басқарған «Қазтеміртранс» компаниясына қатысты сыбайлас жемқорлық ісінде құзырлы органның көзіне алғаш рет түскен. Тергеу кезінде ол Ресейге кетіп, сол жақта Мәсімовтің қызымен танысады. Үйленген соң, бірнеше жерде маңызды қызмет атқарған.
Қаңтар оқиғасына байланысты Кәрім Мәсімов ұсталғаны мәлім. «Бұдан кейін Азамат Қапенов мүліктері мен ақшасын сақтап қалу үшін әйелімен тек қана қағаз жүзінде ажырасты» деген күдік жиі айтылып жүр.