Сап-серфинг, жөндеу жұмыстары, шомылу және қарбызды тоя жеу – жаз бітпей тұрып тағы не істеп үлгеру керек?

Жарияланды 14 Тамыз 2024 19:31

(жаңартылды 15 Тамыз 2024 10:19)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Жаз бітпей тұрып тағы не істеп үлгеру керек? / shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Көзді ашып-жұмғанша, тамыз айының бел ортасы келіп қалды. Бірі бұл уақытта бірнеше рет демалысқа шығып, күнге де күйіп үлгерсе, енді біреулер жұмыс пен тірліктен бас ала алмай, жаз бітуге таяғанын білмей де қалды. Алайда әлі де кеш емес. Kursiv Media күзгі маусымға жаңа күшпен қадам басу үшін жаз аяқталғанша, не істеп үлгеру қажет екенін тізіп шықты. 

Табиғат аясындағы демалыс

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаз мезгілі – табиғат аясына шығып, энергия жинау үшін таптырмас кезең. Мүмкіндігіңіз болса, жаздыгүні ерте тұрып, тауға, болмаса орманға аттаныңыз. Тіпті қаладан түс ауғанда шығып, күн батқанын таудан тамашаласаңыз да болады. Жаз – тауда қону үшін керемет мезгіл. Сондықтан жаз біткенше әлі жиналмалы шатырыңызды алып, достарыңызбен бірге тауға барып қайтыңыз. Шатырды кез келген үлкен дүкендерден таба аласыз. Қалада бір күнге жалға беретін орындар да көп. Бұл демалыс бір сәтке қаладағы шудан алыстап, ой сергітіп, табиғат аясында кітап оқып, таудың салқын ауасымен тыныстап, күн шыққанын бәрінен бұрын көруге мүмкіндік береді. Елестеттіңіз бе? Ендеше уақыт созбай, демалыстың осы түрін ұйымдастыруға кірісіңіз.

Ал уақыты тым тығыз адамдар қаладан алыс кетпей-ақ демала алады. Мысалы, достарыңызбен, ғашығыңызбен немесе отбасыңызбен саябаққа барып, сейіл құрып, пикник ұйымдастыруға болады. Күз жақындаған сайын, аптап ыстық басылып, салқын жел де есетін болды. Сондықтан жаздың кейінгі екі аптасы сейіл құрып, қала көшелерінде ұзақ серуендеу үшін жайлы болары анық.

Жағалаудағы демалыс

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаз біткенше екі-ақ апта қалды деп еңсеңізді түсірмеңіз. Әлі де күнге күйіп, денеден әл кеткенше суға шомылып үлгеруге болады. Сондықтан келесі ұсынысымыз – жағалауға, көлге – жалпы шомылуға бару. Шетел асып, теңізге баруға мүмкіндік болмай жатқан күннің өзінде, жергілікті жағажайға барып, бүкіл жаман энергияны суға шомылып шығаруға бір күн арнауға болады. Қазір жағажай демалысының да алуан түрі бар: қайыққа отырыңыз, сап-серфинг турын жасаңыз, суда доп лақытырып ойнап, көңіл көтеріңіз және тағы басқасы. Жағажайда күндіз уақытпен қатар, кешқұрым атмосфера да ерекше сиқырлы өтеді. Жақындарыңызбен алау жағып, әдемі ән айтып, түрлі ойын ойнап өткізген жаз кеші көпке дейін жылы естелік болып қалады.

Үйде жөндеу жұмысын жасап, интерьерді жаңарту

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Иә, қазақтар жаз келсе, үйін жөндеуге кіріседі. Бірақ жаз, қай жағынан алсақ та, өзгеру, жаңару уақыты. Бұған қоса, жаздыгүні жөндеу жұмысын жасаған өнімдірек деуге де болады. Бояу тез кеуіп, ал күн ұзақтығы бір күнде біршама іс тындыруға мүмкіндік береді. Күздің күңігрт күндеріне дайындық ретінде жай ғана перде ауыстырып, дуалды бояп, үйге жаңа аксессуарлар алуға да болады. Ал бюджетіңіз көп болса, терезені ауыстырып, ауланы абаттандыруға шашылуға да болады. 

Жаңа хобби меңгеру 

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаз – энергиямыз артып, жаңа бірнәрсені байқап көруге құлшынысымыз оянатын уақыт. Қазір отырып ойланыңызшы, көптен бері істеп көргіңіз кеп жүрген нәрсе, өзіңізді сынап көргіңіз кеп жүрген бір сала бар ма еді? Көптен ойша қалап, батылыңыз жетпей жүрген бір ермек бар шығар? Сурет салу үйірмесіне жазылу, тоқып, болмаса тігіп үйрену, фотограф болып көру, атқа мінуді үйрену, тенниске жазылу, жаңа тіл үйрену және тағы басқасы. Дәл қазір шеберлік сағатына немесе онлайн курстарға тіркеліп алсаңыз болады. Хобби адамға босаңсып, демалуға, жаңа дос табуға және бастысы өз ішкі дүниеңізбен жарасым табуға көмектеседі. Жұмыс-үй-жұмыс-үй маршрутымен жүрген болсаңыз, жаз біткенше, ең әуелі осы ұсынымыз жайлы ойланып көріңіз.

Жазғы фестивальдар мен іс-шараларға қатысу

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кейінгі жылдары жаз фестивальдар маусымы саналатын болды. Қазір елдің әр қаласында ашық аспан астында мыңдаған адамды қамтитын музыкалық кештер өтеді. Тек музыка емес, кинофестивальдар, жәрмеңкелер де апта сайын ұйымдастырылады. Жаз аяқталғанша солардың біріне барып, көңіл сергітіп, аяқ талғанша билеп, дауысыңыз қарлыққанша ән айтып қайтуға кеңес береміз. Бұл да – демалыстың бір түрі. Мұндай шаралардың көбі ашық аспан астында өтетіндіктен, достарыңызды ала барып, сол жерде пикник ұйымдастырып жіберуге де болады.

Жазғы жидектерді тоя жеп алу

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ағзаға пайдалы, нәрлі әрі құнарлы жемістің көбі жазда піседі. Балғын құлпынай, бүлдірген, қаражидек, қарақат пен қарбыз-қауынды тоя жеп алыңыз. Жай күйінде жеп қоймай, мұздатқышқа қалташалап лақытырып қойсаңыз, рахатын қыстыгүні де көре бересіз. Сонымен қатар түрлі тосап, қайнатпа әзірлеп сақтауға, күнде смузи істеп ішуге де болады. Уақыт барда түрлі рецепті қолданып көруге де кеңес береміз. 

Табиғат аясында спортпен айналысу 

shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Велосипед теуіп, жүгіргенді немесе йогамен айналысқанды жақсы көрсеңіз, мұның бәрін әлі де табиғатта жасауға мүмкіндік бар. Таңертең саябақта бір сағат жүгірсеңіз немесе велосипед тепсеңіз, йогамен айналыссаңыз, күні бойы сергек жүресіз. Көңіл-күйіңіз де көтеріңкі болады. Сонымен қатар әлі де скандинавиялық жүріс, жағажай воллейболы сияқты өзге де жаңа спорт түрлерімен танысып көруге болады. 

Күзгі маусымды жоспарлау

Жаз аяқталуға таяды деген сөз – күзді жоспарлайтын уақыт келді деген сөз. Жоспарларыңыз жайлы бір сәт ойланып көріңіз. Қағаз алып, алдағы маусымда не істегіңіз келетінін, не қалайтыныңызды тізіп жазыңыз. Мүмкін оқу бойынша өзгерісті қалайтын шығарсыз, бәлкім саяхаттағыңыз келетін шығар, жаңа жоба алуды жоспарлап жүрген боларсыз? Гардеробыңызды жаңарту да – бір іс. Артық шығын болмас үшін, биылғы күзге не киім қажет екенін де біліп алғаныңыз дұрыс. Күзде қандай кітаптар оқығыңыз келеді – оның да тізімін жасаңыз. Қай жерлерге барғыңыз келеді, қандай курсқа қатысқыңыз келеді және тағы басқасы – бәрін тізіп жазып шығыңыз. Нақты жоспар болса, күзгі көңілсіздік сізді жаулай алмайды.

Осы кеңестерге құлақ түрсеңіз, жаздың соңғы күндері өнімді, ал күзіңіз көңілді өтеді деп сенеміз. Ұсыныстар пайдаңызға жарасын! 

Сондай-ақ оқыңыз