Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқару кеңесінің құрамы өзгереді. Оның құрамынан бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер шығарылып, шетелдік мамандарды тарту жоспарланған. Осыған қатысты Президент Жарлығының жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Құжатты 28 тамызға дейін талқылауға болады.
Жарлық бойынша кеңес құрамынан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова, Қаржы министрі Мәди Тақиев, доктор Джейкоб Френкель (J.P. Morgan Chase International басқармасының бұрынғы төрағасы) шығарылмақ.
Оның орнына АХҚО басқару кеңесінің құрамына мыналар кіреді:
- АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің Директорлар кеңесінің төрағасы;
- АХҚО биржасы – Astana International Exchange директорлар кеңесінің төрағасы (қазіргі Тимоти Беннетт);
- Абдулхамид Мохаммед Саид Алахмади.
Олармен қатар Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджері Ренат Бектұров және Citigroup банкінің жаһандық үкіметтер блогы мен мемлекеттік секторының басшысы Джули Монако да кеңес құрамында қалады.
Абдулхамид Мохаммед Саид Алахмади – БАӘ-дегі Mubadala Investment Company директорлар кеңесі атқарушы комитетінің мүшесі. Ол сондай-ақ Абу-Даби Даму Холдингтік Компаниясы PJSC (ADQ) директорлар кеңесінің мүшесі, Emirates Red Crescent және Reem Investments басқарушы директоры.
Саид БАӘ Орталық банкінің төрағасы қызметін атқарды. Бұрын ол First Abu Dhabi Bank-тің бас директоры болды, сонымен қатар Legacy FGB-де бас директор, басқарушы директор және басқарма мүшесі қызметтерін атқарды және Citibank-те әртүрлі негізгі басшылық қызметтерді атқарды.
Сондай-ақ ол мемлекеттік және жеке компаниялардың директорлар кеңесінде қызмет етті, соның ішінде Emirates Investment Authority, Абу-Даби бағалы қағаздар биржасы, Emirates Integrated Telecommunications Company және Skynews Arabia. Абдулхамид Саид АҚШ-тың Аризона университетінде бизнесті басқару бакалавры дәрежесіне ие.
АХҚО басқару кеңесі – Қазақстан Президенті басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган, АХҚО-ның жоғары басқару органы. Кеңес АХҚО дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайды. Кеңестің өкілеттіктеріне АХҚО актілерін қабылдау, орталық органдарының құрылымын, АХҚО Сотының құрамын және Халықаралық төрелік орталығын құру негіздерін айқындау және оның қызметі туралы жылдық есепті бекіту жатады.