Жаңалықтар

«Бокстан Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлік құрам қызметінен кетті» – ҚБФ

ҚБФ жаңа бапкерлік құрам қайта жасақталатынын мәлімдеді/ фото: olympic.kz

Қазақстан спортшылары Париж олимпиадасында сынға қалды. Әсіресе, ұлттық құрама бокстан ақсады. Осы олимпиадада былғары қолғап шеберлері екі-ақ медальді қанағат тұтты. 80 келі салмақ дәрежесінде боксшы Нұрбек Оралбай күміспен күптелсе, 50 келі бойынша шаршы алаңға шыққан Назым Қызайбай қола ұтты.

Осыған байланысты бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен оның командасының атына сыни пікір жиі айтылды. Қазақстан бокс федеарциясы бұдан лезде қорытынды шығарып, бапкерлік құрамды тарататындарын мәлімдеді.

«Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды. Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізілді. Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді», – деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.

Қазақстан бокс федерациясының шешімін Дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитет мақұлдады.

Сонымен бокс федерациясы мынадай шешім қабылдады:

  • Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды.
  • Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

ҚБФ жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылатынын хабарлады. Олимпиада қорытындысы бойынша Орта Азия елдері арасында Қазақстан 43-сатыда қалды. Ал Өзбекстан 13-орынға көтерілді. Өзбек боксшылары бес салмақ дәрежесі бойынша алтыннан алқа тақты. Оның ішінде екі спортшы екі мәрте Олимпиада чемпионы болды.