Жаңалықтар

Ресей Федерациясы 2024 жылдың соңына дейін бензин экспортына тыйым салды

коллаж kursiv.media

Ресей Үкіметі 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 31 желтоқсанға дейін бензинді экспорттауға тыйым салды.

«Маусымдық сұраныстың жалғасуы және мұнай өңдеу зауыттарында жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары кезеңінде жанармай нарығындағы тұрақты жағдайды сақтау үшін шешім қабылданды», – деп түсіндірді РФ Үкіметі.

Дегенмен Ресей мына жағдайларда жанармай тасымалына шектеу қоймайды:

  • халықаралық үкіметаралық келісімдер шеңберінде, оның ішінде ЕАЭО елдерімен жеткізілімдер үшін;
  • азаматтар жеке пайдалану үшін әкететін отын,
  • халықаралық гуманитарлық көмек көрсету үшін экспортталған өнім.

Ресейде 1 наурыздан 31 тамызға дейін бензин экспортына тыйым салынды. Бірақ мамыр-шілде айларында «ішкі нарықты автокөлік бензинімен қамту және жекелеген кәсіпорындардың мұнай өңдеу көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін» бұл шара тоқтатылғанын хабарлады.

Соғыс зардабы

Көрші ел нарығында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұған дейін Украина әскерилері ұшқышсыз ұшақпен мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасаған болатын.

Көктемде Новгородтағы «Лукойл» зауыты крекинг қондырғысы үшін қосымша бөлшек таба алмай отырғандарын хабарлаған. Бұл қондырғы ауыр көмірсутектерді өңдеу үшін қолданылған. Қаңтардан бері жабдықтағы ақау салдарынан кәсіпорын бензин өндірісін 40%-ға қысқартқан. Мұнай өңдейтін зауыттың қарқын алуына Украинамен қақтығыс салдарынан салынған санкциялар кедергі болуда. Оған қоса қондырғыны жөндейтін маман табу да оңай емес. Ресейдегі ірі МӨЗ-дерге жергілікті жерден және Батыстан шығатын жабдықтар қажет.

Биыл Ресей Белоруссиядан сатып алатын бензин көлемін бес есеге ұлғайтқан. Мәселен, ақпан айында 590 тонна бензин сатып алса, наурыздағы сұраныс 3 мың тонна жанармай сатып алған. Росстат мәліметі бойынша 18-24 наурыз аралығында бензин өндіру көрсеткіші 7,4%-ға төмендеген.

Шетелдіктерге – қымбат жанармай

Сәуір айында Қазақстан Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынының бағасы өзгерген бұйрықтың жобасын жариялады.

Ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспорт тәуекелдерін азайту мақсатында автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына қатысты баға саясатына өзгерістер енді.

Бұйрық жобасына сәйкес, шетел азаматтары үшін АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге, дизель отынының бағасы литріне 315 теңгені құрайды.

Қазақстанға тасымалдай ала ма?

Ресей Федерациясы көктемде Қазақстанға бензин экспортын тоқтатпайтынын мәлімдеген еді. «Экспортқа шектеу қойғанның өзінде Ресейден Қазақстанға жылына 285 мың тоннаға дейін автокөлік бензинін жеткізу мүмкіндігін сақтап қалады«, – деді РФ Энергетика министрлігі.

Осы жолы да Ресей ЕАЭО елдеріне отын жеткізуге кедергі жоқ екенін атап көрсетті.