Жаңалықтар

Париж олимпиадасында жоғары жетістікке жеткен спортшылар мен бапкерлер марапатталды

Фото: shutterstock

XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола алып, жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтады. Дүниежүзілік додада жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерге Президент Жарлығымен наградалар тағайындалды.

Ұлттық құрама көшбасшысы, дзюдодан алтын иеленген Елдос Сметов І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Грек-рим күресі бойынша Қазақстан командасының бас бапкері Юрий Мельниченкоға ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені берілді.

Грек-рим күресінен күміс медаль алған палуан Демеу Жадыраев пен оның жеке бапкері Боранбек Қоңыратов, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовты жаттықтырған бапкер Ғалымжан Жылгелдиев, дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, гимнастикадан екінші орын алған Нариман Құрбанов, бокстан екінші тұғырдан көрінген Нұрбек Оралбай мен оның жеке бапкері, жаттықтырушы Асқар Еркебаев, қола медаль алған дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев «Парасат» орденіне ие болды.

Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсенов, бапкер Долкунжан Камеков, аға жаттықтырушылар Геннадий Насонов, Ермек Нәсиев, Вероника Скиба, олимпиадада нысана көздеуден қола алған Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, бокстан үшінші орын алған Назым Қызайбай «Құрмет» орденімен марапатталды.

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев АҚШ-та өтетін бәсекеде ұлттық құрама бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп уәде берді.