Жаңалықтар

Өзіңе деген сенімділіктің алатын айлыққа әсері бар ма?

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Психологиялық кітаптарда, танымал коучтардың сессиясында жиі көтерілетін тақырыптың бірі — өзіңді жоғары бағалауды үйрену. «Өз бағаңды білмейінше, табысқа жетуің неғайбыл» деген түсінік те көпшілікке тән. Яғни шыңға шыға алатыныңа өзің сенбесең, демек істей алмайсың деген сөз дейді-мыс. Әйтсе де бұл идеяны зерттеушілер мен психологтардың бәрі бірдей қолдай бермейді. Олай болса, өз бағаңды көтеру мен жетістік бір-бірімен тығыз байланысты ма, жоқ па? Осы тақырыпта екі көзқарастың ақ-қарасын ажыратамыз.

Өзін төмен бағалайтындардың шығыны көбірек пе?

2008 жылы жапониялық нейробиологтар мынадай қызық тәжірибе жасап көрген. Қатысушылар жеке қасиеттерін анықтайтын тестен өтіп ойын ойнайды. Оларға таңдауға үш карта береді. Егер таңдауы тура келсе, онда ақшалай сыйлық беріледі. Сөйтіп бірте-бірте қатысушылардың әрқайсысына «бәсекелестерінің» жетістіктерін рейтиң түрінде көрсетеді. Ол жерде жеке қасиеттері бойынша кімнің көш бастап келе жатқаны көрініп тұрған еді. Негізі мінез-құлыққа қатысты баға олай есептелмеген. Ғалымдар қатысушылар өздерін басқаларымен салыстырсын деген оймен «алдаған». Осылайша әлгі рейтиңдегі орынды әлеуметтік статусқа айналдырмақ болады. Нейробиологтар қатысушылардың миын арнайы аппарат арқылы бақылап отырады. Сөйтсе ақшалай сыйақы алған кезде мидағы сыйақы жүйесінің бөлігі іске қосылады екен. Бірақ, ең қызығы, ми ақшадан гөрі статусқа қаттырақ реакция білдірген. Қатысушыларға мінезге берілген ұпай көбірек табыс табуға әсер етпейді, бірақ көп болған сайын ойындағы статус жоғарылайды деп айтқан. Сөйтіп мидағы әлгі бөлік ақша табудан гөрі рейтиңде көтерілуге барын салған. Былайша айтқанда, өз-өзіңді бағалауға арналған статус ақшадан маңыздырақ болып шығыпты.

Осыған ұқсас тағы бір зерттеуді алайық. Психологтар мен мінез-құлық экономистері бірігіп зерттеу жүргізеді. Сонда олардың байқағаны: адамға ақшаның кез келген түрі қуаныш сыйлай бермейді екен. Яғни жалақы мен жұмыссыз қалғанда берілетін жәрдемақының көлемі бірдей болса да, сыйлайтын эмоциясы әртүрлі. Айлық алғанда көбірек қуанады екен. Ал жәрдемақы болса, өз-өзіне деген бағасының төмендеуіне әсер етеді деп қорытындылаған. Көбіне биігірек статусқа жету үшін адам ессіз бір қадамдарға барып жатады. Өзіне сенімсіз адамдар қарызға батып, кредитке кірсе де, смартфонның кейінгі моделін алуға құмар деседі. Сол арқылы бағасын арттыра түседі. Дегенмен барлығы бірдей өзінің де, өзгенің де көзінше беделін сақтау үшін жасанды жолмен жетістікке жетуді таңдай бермейді. Егер өз бағасын дұрыс білетін, сау саналы адам ойға қонымды әрекеттер жасайды. Ол жолда сәтсіздікке тап болса да, қателессе де мойындаудан қорықпайды. «Статусым түсіп қалатын болды» деп уайымдамайды. Осылайша өз-өзін бағалау сезімі адамның табысына әсер етуі мүмкін. Өзіне сенімді адамдар ақша жаратуға қатысты шешімді ойланып барып қабылдайды. Соның арқасында қаржылай табысқа жетеді. Кей зерттеулердің нәтижесі осындай болған.

Өзіңе деген сенімсіздіктің басты белгілері

  •   Басқа адамдардың сені мойындағанын күтіп отырасың. Бала кезде — ата-анаңның, кейін келе — жолдасың мен достарыңның. Өзіне шынында не қалайтынын білмейді. Басқалардың ойынан шығу үшін тырысып бағады. Сол арқылы мойындаламын деп ойлайды. 
  • Сырттағы жағдайға қарай көңіл-күй жылдам құбылады. Біреу мақтаса, не сынаса өзіңді соған қарай бағалайсың. Жұмыста бастығың қатеңді нұсқаса, «болды, мен ең нашар адаммын» деп мүжіліп кетесің.
  • Басқалармен салыстырып, өз бағаңды соған сай бекітіп отырасың. Мысалы, ұжымдастарымен өзін ұдайы салыстырып, қаншалықты мықты екенін бақылап жүреді. Біреу одан озып бара жатса, өзіне деген бағасы демде құлдырайды.
  • Айналасының бәрін жау санайтындар болады. Оның ойынша, әріптестері қаралағысы келіп тұрады. Көре алмаған соң, жиындарға шақырмайды. Айлығының көтерілмейтініне бастығының оны жек көретіні себеп. Кейде тіпті конспирологияға «баспен» кіріп кетеді. Яғни қатені өзінен іздемейді, сырттан табуға тырысады. 

Өз-өзіңді бағалаудың жалақыға әсері қандай?

Өзіне сенімсіз адамның шығындары ойға қонымсыз, инвестициясында логика жоқ болуы мүмкін. Бірақ өзіне деген сенімділігі жоғары болған сайын табысы таудай болып өседі деген ойға қатысты әлі күнге дейін біржақты қорытынды жасалмаған. Психологтардың дені өзіне сенімді адамдар көп табыс табады дегенді айтады. Өйткені жоғары бағалаған сайын табыс та жоғарылай түседі-мыс. Мысалы, бірде мынадай зерттеу жасалыпты: ғалымдар жасөпірім балалардың өзіне деген сенімділігін бағалаған. Сөйтіп араға жеті жыл салып сол балалардың ішінде өзіне сенімді балалардың табысы өзіне сенімсіздерге қарағанда көбірек болып шыққанын байқайды. Тағы бір зерттеуде адам табысының құбылғаны білімі мен машығының өзгерісіне емес, өз-өзін бағалауына көбірек әсер ететіні анықталған. Ғалымдар 12 мыңнан астам жас әйел мен ердің деректерін алып қарастырған. Психологиялық тестілер мен математикалық және вербал қабілеттерді анықтауға арналған тестілерден өткізіп, білімі мен жұмыс өтілі жайлы ақпараттарды қарап шығады. Бұл деректерді олар жеті жыл ішінде бірнеше мәрте қайта қарап отырған. Нәтижеге әсер етуі мүмкін кей факторларды (мысалы бір салалардағы жұмыссыздық) ғалымдар түзеткен. Сөйтіп мынадай қорытынды шығыпты: егер адамның өзіне сенімділігі 10 %-ға көтерілсе, онда айлығы 4,8-13 %-ға арта түседі екен. Ал егер жұмыс өтілі, білімі мен машығы 10 %-ға артса, онда жалақысындағы өзгеріс бар болғаны 0,5-4,3 %-ға көтерілген екен. 

Әдетте психологтар өзіңе деген сенімділік пен табыстың арасындағы байланысты былай түсіндіреді: табысқа жету үшін қабілет қана емес, әлденеге жету үшін қанша күш салғаның да әсер етеді. Ал күш салу дегенің өзіңді қалай елестетеніңе байланысты. Егер адам өзін ақылды, креатив, талантты, еңбекқормын деп ойласа, онда бойындағы қабілетті максимум қолданады. Ал қабілетіне сенімсіз болса, онда азырақ күш салып, сәйкесінше жететін жетістігі де аз болады. 

Десе де өзіңе деген жоғары баға табысты болуға тікелей әсер етеді деген оймен келіспейтіндер де бар. 2000-шы жылдары осы идеяға скептик көзқараспен қарайтын ғалымдар аталған көзқарасты өзгертетін жұмыс істейді. Солардың бірі — психолог Рой Баумайстер. 2003 жылы ол әріптестерімен бірге адамның табысқа жетуіне өзіне сенімділіктің әсерін зерттеу үшін ауқымды жұмыс бастайды. Осы тақырыпта жасалған 15 мыңнан астам зерттеу жұмысын қарап шығады. Ең сапалы дегендерін іріктеп алғанның өзінде ішінде нақты дәлел болатындай жұмыс таппайды. Яғни адамның жақсы оқып, жұмыс істеуіне, өмір сапасы мен жеке қарым-қатынасына өзіне сенімділік әсер етеді дегенге дәлел табылмайды. Әлбетте, бұл өзіңе деген сенімділіктің адамның әрекеттеріне мүлдем әсер етпейді деген сөз емес. Сол сияқты өзін төмен бағалауда тұрған ештеңе жоқ демейді. Бар болғаны психологтар тобы өзіне деген бағаны қолдан көтеру, болмаса да солай көрсету идеясымен келіспейтінін білдірген. Өзін жоғары бағалау кейде өз машығын, күшін артық бағалауға әкеп соғатынын айтады.

Қазір психологтар бірте-бірте өзіңе деген сенімділікті көтеру керек деген идеядан алшақтап келеді. Оның орнына адамға өзіне адекват баға бере алатын, қалай бар — солай қабылдауға көмектесетін әдістерге нұсқайды. Сондықтан жоғары баға емес, шынайы әрі тұрақты баға жақсырақ. Сау бағалау дегеніміз өзін жоғары сезіну емес, өзіңді дұрыс бағалауға ұмтылыс. Төмен бағалау дегенге келсек, ол шынайы бағамен сәйкес келмеген жағдайда ғана зиян. Күшің жетеді, бірақ жетпейді деп ойлайтын болсаң — сол жаман.

Сау бағаның тағы бір маңызды тұсы — тұрақтылықта. Сәтсіздікке тап болған сайын өзіңді қабылдауың өзгермеуі керек. Депрессияға бейім адамдарда өзіне деген сенімділік көрсеткіші жиі құбылып тұрады екен. Мұндайда өз-өзіңді бағалауды көтерумен айналыспай, психологпен кеңесіп, көңіл-күйдің тез өзгеруінің себебіне үңілген жөн. Өз-өзіңді мәпелеу деген бар. Ол өзін сынай беретін қасиетке керағар. Өзін аялайтын адамдар өз халіне мұқият қарайды. Қателессе, түңілмейді. Бәрі қателеседі, онда тұрған ештеңе жоқ деп айтады. Өз бағасын көтеру үшін өзін мақтап шыға келмейді. Өзін бойындағы бүкіл кемшілігімен қабылдап, сол күйі жақсы көреді.

Ойлау қабілетінің икемді болғаны жақсы. Стенфордтық профессор, зерттеуші Кэрол Дуэк мынадай заңдылық барын байқаған: интеллекті мен талантты көтеруге болады деп ойлайтындар, қабілеттерін арттырып, жұмыста да, оқуда да жетістікке көбірек жетеді екен. «Икемді ойлау қабілеті деген осы», – дейді Дуэк. Ал енді аталған қабілеттер туа бітті беріледі, өзгермейді деп ойлайтындар жетістікке жете бермейді екен. Өйткені олар қабілетін дамытуға тырыспайды да. Мұндай ойлау қабілетін Кэрол «фикс» деп атайды. Ондай адамдардың ішінде өз-өзін бағалау қасиеті тым төмендері де, шектен тыс жоғарылары да бар.  

  • Өзіне сенімсіздер. Олар өзін ақылсыз, талантсызбын деп ойлайды да, күрделі шаруаларды мойнына алудан қашады. Өйткені «бәрібір қолымнан келмейді,ебім жоқ» деп қашады. Бірақ сол қабілеттерді өзі қолдан арттырса әбден болар еді.
  • Шектен тыс жоғары бағалайтындар. Олар да жауапкершіліктен қашады. Бірақ мотивациясы сәл басқаша: егер әлгі шаруа қиын болса, қателесіп кетіп, өзінің кемшілігі бетіне таңба болып басылады деп қорқады. Егер икемді ойлау қабілеті бар адам болғанында ол машығын арттыруға күш салар еді. Ал фикс ойлау қабілеті барлар машықты қолдан дамыту мүмкін емес деп ойлайды. Сондықтан өзіне деген сенімділігіне селкеу келтіруі мүмкін кез келген нәрседен басын алып қашады.   

Осыдан барып Кэрол Дуэк психологтар ұсынып жүрген, өз бағаңды көтеруге қатысты тәсілдерін қате деп табады. Мәселен ересектер бала бес алғанда «сен ақылдысың, Жарайсың!» деп отырады. Бірақ осылай ету арқылы әлгі баланың ойына «егер төмен баға алып қалсам, ақылды болмай қаламын» деген сигнал еріксіз барады. Өсе келе сәтсіздіктен қорқатын, тәуекелге бармайтын болып қалады. Сондықтан бала жетістігін мақтаған кезде оның күш салғанын айтып мақтау керек.

Ағылшын тілінде  self-esteem — «өзіңді сыйлау» және self-worth — «өз құныңды білу» деген сөз бар. Өзіңді бағалауға қатысты бұл екі түсінік өте ұқсас болғанымен, аспектісі әртүрлі. Бұрын зерттеушілер көбіне өзіңді сыйлауға көбірек мән берген еді. Өз құныңды білуге қатысты зерттеу онша жасалмаған. Енді осы self-worth жайлы айтайық. Бұл — сенің жеткілікті деңгейде мықты екеніңді, лайық екеніңді сездіретін ішкі хәл. Өзіңді сыйлаудан айырмашылығы сол — «табысыма қарай не нәрсеге лайықпын» деп емес, «өзіме-өзім не үшін құндымын» деп қарастырылады. Сондықтан қазіргі психологтар біріншісін емес, осы екінші өз құныңды білуге көбірек мән беру керек деп кеңес береді. 

Негізі self-worth сыртқы факторлардан тәуелсіз. Айталық, адам жұмыстан қысқарып қалса, «мен жақсы нәрсеге лайықсызбын» деп өзін мүжімейді. Оның орнына басқа стратегия құруға талпынып, мәселені шешуге тырысады. Нью-Йорк штатындағы университет ғалымдары Буффало Лора Парк мен әріптестері бірігіп, мынадай тәжірибе жасап көреді. Адамның өз құнын білуі қаржылай табысқа қаншалықты байланысты екенін сынамақ болады. Алдымен ғалымдар тәжірибеге қатысып жатқандардан тест алады. Өз құнын білуі табысына қаншалықты байланысты екені содан көрінеді. Одан кейін қаржылық мәселені ойдан құрастырып, сол сәтте қандай сезім бойды билейтінін сипаттауға тапсырма береді. Айталық, «кредит төлейтін күн келді. Бірақ ақша жоқ» — мұндайда не сезінесіз? Нәтижесінде self-worth қабілеті ақшамен байланысты адамдар өзіне негатив эмоция айтқан. Оның ішінде «ашу», «көңілсіз күй» деген сынды сөздерді көп айтыпты. Яғни ақша жоқ деген сөздің өзі оларды мазасыз күйге келтіріп, жағымсыз эмоция сезінуге апарған. Тіпті қанша табыс тапса да, бойдағы үрей күйзелістен құтқармайды екен. Ал енді self-worth қабілетін ақшаға байламағандар тиімді шешімдер ұсынып, мәселені реттеуге тырысатынын айтқан. Ғалымдардың жасаған түйіні: өз-өзін құрметтеу сезімін қаражатқа байлайтындар қаржылық мәселемен бетпе-бет келуден қорқады. Егер кездесе қалса, бойын үрей билеп шыға келеді.   

Табыс азайғанда өз бағаңды көтерудің жолдары

Ең алдымен мынаны түсіну керек: кез келген адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ол оның кәсіби машығын кемітпейді. Қаржылай қиындыққа қарамастан, өмір жалғаса береді. Өзіңе деген сенімділік тек жоғары табыс пен тұрақты жұмысқа қатысты түсінік емес. Сенімділікті арттыратын басқа да машықтарың мен тірегің бар. Осы ретте психологиялық тәсілдерге де тоқталайық.

  • Өзіңе сенімділік сөресі. Көз алдыңа кітап сөресін келтір. Әр сөреде өміріңнің әр саласы орналасқан. Қазір «жұмыс» деген сөре босап қалды. Бірақ бұдан басқа да сөре толып жатыр. Олар бос емес. Қайсысына көптен назар салмай кетіп едің? Бәлкім, шаң басып қалған сол сөредегі «кітаптарды» бір қарап шығатын кез келген шығар?! Өзіңді табысты, сенімді сезінуге көмектесетін сөрені іздеп тауып ал. Жұмыстан қысқарып қалсаң да, баласына жатарда ертегі оқып беретін қамқор ана болуың мүмкін. Әке-шешең разы болатындай әрекеттер жасайтын мейірімді перзент болуың мүмкін. Досқа адал шығарсың. Талғамы ерекше, барлығы таңдай қағып, тамсанатын тұлға боларсың? Осыларды есіңе түсір.
  • Алғыс практикасы. Үйден шығатын кезде оң қалтаға бір уыс ұсақ нәрсе салып шық. Күріш, моншақ сынды зат болуы мүмкін. Жағымды эмоция сезінген кезде (біреу күліп қарады ма, тойып тамақ іштің бе дегендей) оң қалтадан бір түйір моншақты сол жаққа сал. Үйге келген соң сол салған моншақтарды алып жатып, әлгі жақсы эмоцияларды еске түсір. Бұл да жақсы көмектеседі.