Жаңалықтар

Үлкен ауылының тұрғындары АЭС құрылысын 40 жыл күткені рас па: Алматы облысы әкімдігі кезекті жария талқылау өткенін хабарлады

Сарапшылар Қазақстанның атом технологияларымен жұмыс істеуде 57 жылдық тәжірибесі барын айтады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Атом электр станциясын салу жөнінде Үлкен ауылында тағы да қоғамдық жария талқылау өтті. Алматы облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, бұл жолы жиынға қатысқандар арасында АЭС салу бастамасын қолдағандар да болған. Ақпаратқа сәйкес, олардың арасында АЭС құрылысын 40 жылға жуық күтіп жүргендер де бар екен.

Осыған дейін АЭС салу мәселесіне Үлкен ауылының тұрғындары үзілді-кесілді қарсы екендерін айтып келген болатын.

14 тамызда өткен кезекті талқылауға да өңір халқы белсенді қатысып, қызу пікірталас орнады. Алматы облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа қарағанда, бұл жолы АЭС салуды қажет деп тапқандар сөз сөйлеген.

Мәселен, Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Мұсапиров атом электр станциясының құрылысын не үшін қолдайтынын түсіндіруге тырысты.

«Өркениеттің жетістіктерін тиімді пайдаланатын мемлекет қана дамып, алға жылжиды. Егер қуатты электр көзімен қамтамасыз етілмесе, ел дамудың жоғары деңгейіне жете алмайды. Экономиканы өркендету, өндірістер мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін бізге АЭС салу қажет. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдаланған жағдайда ғана біз жетістікке жетеміз», – деп түсіндірді Алматы облысы Семей полигоны мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Мұсапиров.

Сарапшылар болса Қазақстандағы атом электр станцияларында МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буын реакторлары қолданылатынын алға тартуда. Айтуларынша, атом электр станцияларының экологиялық қауіпсіздігі және көміртек диоксиді шығарындылары ауаға тарамайды.

Қазақстанға жарықсыз қалу қауіпі туындап отыр ма?

«Үлкен Су» ӨК бас инженері Сергей Третьяков алаңдаушылық барын, бірақ қазіргі реакторлардың қауіпсіз екенін мәлімдейді.

 «Иә, алаңдаушылық бар, бірақ қазіргі реакторлар қауіпсіз, ал Қазақстанның ауыр апаттарсыз атом технологияларымен жұмыс істеуде 57 жылдық тәжірибесі бар. АЭС арқылы таза энергия өндіріп, сыртқы шығындардан арыламыз және қосымша жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмысының жақсаруына жол ашылады. Үлкенде АЭС салу  еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалануға және толыққанды атом саласын құруға мүмкіндік береді», – деді.

Сергей Третьяков көрші ел Қазақстанға электр энергиясын беруден бас тартса, онда жарықсыз қалу қаупі туындайды деген болжамын жеткізді.

 «Мен 1985 жылдан бері бұл құрылысты күтіп жүрмін. Бұл атом станциясы біздің балаларымыз және болашағымыз үшін керек деп есептеймін. Егер көрші ел бізге электр энергиясын беруден бас тартса, онда жарықсыз қалу қаупіміз бар. Бұл еліміздің беделін арттыратын үлкен мүмкіндік. Қытайда АЭС бар, Өзбекстан құрылысын жүргізуде. Мен де ұрпағымның жарқын болашағын ойлай отырып, АЭС салу ісін қолдаймын», – деген Сергей Третьяков осы талқылау барысында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум күзде өтетінін мәлім еткен болатын. Тоқаев референдумның нақты күнін Үкімет белгілейтінін атап өтті.

2023 жылы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдеген.

Атом электр станциясын салуға қатысты алғашқы қоғамдық талқы өткен жылы Алматы облысының Үлкен ауылында 22 тамызда өткен болатын. Жалпы алғанда халықтың пікірі екіге бөлінген. Билік өкілдері халықты АЭС салудың еш зияны жоқ дегенге сендірсе, Алматыдан арнайы келген белсенділер мен экологтар зияны көп екенін айтты.

Қазақстанда АЭС-ті Ресей, Корея немесе Франция елдерінің компаниялары салуы мүмкін. Атап айтқанда, әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.