Жаңалықтар

Мемлекеттік орган Астанадағы 200 жетім баланы тұрғын үй кезегіне тіркеуден бас тартқан

Уәкілетті орган жетім балалардың он төрт жасқа толмағанын негізге алып, баспана кезегіне тіркемеген / Фото: kursiv.media 

Астана прокурорлары 200-ден астам жетім балаланың құқығы тапталғанын анықтады.  Мәлім болғандай, уәкілетті орган оларды тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартқан.

Елорда прокуратурасының хабарлауынша, уәкілетті орган жетім балалардың он төрт жасқа толмағанын негізге алып, баспана кезегіне тіркемеген. Осылайша мемлекеттік мекеменің  «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабын бұзғаны анықталды.

«Сондай-ақ отбасы мүшелері болып табылмайтын қамқоршыларға тіркелген мүліктің болуына байланысты жетім балаларды кезекке қоюдан негізсіз бас тартқан. Прокурорлық қадағалау шараларымен 200-ден астам жетім бала тұрғын үй алуға кезекке қойылды», – деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.

Жыл басында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биыл елорадада жетім балаларға 183 пәтер берілетінін айтқан. Бұған қоса, қала әкімі әлеуметтік осал топтың өзге өкілдеріне қарағанда жетім балалардың тұрғын үй кезегі жылдам жылжитынын атап өтті.