Шілде айының қорытындысы бойынша АҚШ-тағы тұтыну бағаларының индексі 2021 жылдың наурызынан бергі ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Бұл мөлшерлемені төмендеуді жылдамдатып, қор нарығындағы оптимизмді күшейтеді. The Wells Fargo ставка төмендеген соң америкалық акциялар 1995 жылғыдай жылдам көтеріледі деп санайды. Дәл сол жылы Федералды резерв қоры экономиканың сәл демін басып, инфляцияның баяулауы аясында жұмсарту циклін бастаған еді. Осындай жаңалықтардан соң алтынның бағасы көтеріліп, доллар әлсіреді. Толығырақ 14 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.
Инфляция туралы деректер АҚШ нарықтарын жақсартты
Шілде айының қорытындысы бойынша АҚШ-тағы тұтыну бағаларының индексі (CPI) 2021 жылғы наурыздан бергі ең төменгі мәнді көрсетті. Бұл жылдық мәнде 2,9%-ға тең болды, деп хабарлады CNBC. Reuters сауалнамасына қатысқан сарапшылар бұл көрсеткіш маусым айындағыдай 3% болады деп күткен-ді.
«Егер келесі бес аптадағы деректердің дені экономиканың баяулауын көрсетсе, ФРЖ ставканы агрессивті түрде төмендетуі мүмкін», – дейді Morgan Stanley компаниясының Е-Trade-ні инвестициялау және сауда жөніндегі басқарушы директоры Крис Ларкин.
Yardeni Research президенті Эд Ярдени «инфляциямен күрестің» аяқталуға аз уақыт қалғанын алға тартты. Дегенмен, оның пікірінше, ФРЖ биыл ставканы бір рет 25 базистік тармаққа ғана төмендетуі мүмкін.
Dow индексі бір күн бұрын 0,61%-ға өсті, S&P 500 индексі 0,38%-ға көтерілді, Nasdaq сессияны өзгеріссіз аяқтады (+0,03%).
Wells Fargo стратегі: ФРЖ саясатын жұмсартса, акциялар 1995 жылдағыдай көтеріледі
Wells Fargo инвестициялық институтының акциялар бойынша жаһандық стратегі Крис Хаверлендтің пікірінше, ФРЖ ставкаларды төмендеткеннен кейін инвесторлар 1995 жылғы сценарийдің қайталануымен бетпе-бет келуі мүмкін. Сол жылы Федералды резерв жүйесі экономиканың баяулауы мен дезинфляцияға сәйкес келетін жұмсарту циклін бастаған-ды. «1995 жылғы цикл алдағы тоқсандағы корпоративтік кірістер мен акциялар бағасының әлеуетті жол картасы болуы мүмкін. Бұған ортақ дүниелер жеткілікті», – деді стратег MarketWatch-қа берген түсініктемесінде.
1995 жылы S&P 500 компанияларының кірісі ставканың алғашқы төмендеуінен кейін бір жыл ішінде 12%-ға, ал индекстің өзі 18 айда 40%-ға өсті. Орта және шағын компаниялардың акциялары да қымбаттады. Бірақ анау айтқандай қатты емес. Секторлар ішінде қаржылық сектор көш бастады.
Хаверлендтің айтуынша, аталған сценарий қазір қайталануы мүмкін. Әрине, ақша-несие саясатының қазіргі цикліндегі инфляцияның шыңы әлдеқайда жоғары әрі ФРЖ ставканы ең жоғары деңгейде әлдеқайда ұзағырақ ұстайды. «Бұған қарамастан, АҚШ экономикасы рецессиядан құтылып, 2025 жылға дейін біртіндеп күшейе түседі деп ойлаймыз. Бұл корпоративтік кірістердің үздіксіз өсуін, қор нарығының күшін және АҚШ-тағы жоғары сапалы ірі компанияларға деген оң көзқарасты қолдауға тиіс», – деді стратег.
Жаңа рекордтан кейін алтын бағасы сәл арзандайды
Алтын қорғаныс активі ретінде тамыз айында ең жоғары деңгейге жетті, инвесторлар бұдан пайда табамыз деп алақан ысқылап отыр, деп хабарлады CNBC. Салдарынан сәрсенбі, 14 тамыздағы сауда-саттықта металдың құны сәл төмендеп, бағасы 0,2% жоғалтты. Унцияның құны 2462,85 долларды құрады, бір унцияға 2461,88 доллар беріліп отыр, бұл – максималды мән.
Инвесторлар пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін дейді және бұл алтынға әсер етеді. Жұмсақ ақша-несие саясаты кезеңінде қымбат металл әдетте аз табыс әкеледі. Америкалық доллар валюта қоржынына қарағанда төрт ай бұрынғы ең төменгі деңгейге дейін 0,4%-ға әлсіреді.
Доллардан кейін күміс арзандайды. Унция құны 3%-ға – 30,24 долларға дейін төмендеді. Платина 0,3%-ға – 996,90 долларға, палладий 0,4%-ға – 955,68 долларға дейін арзандады.
CME FedWatch мәліметтері бойынша, нарықтар қыркүйек айында АҚШ-та ФРЖ мөлшерлемесін төмендету ықтималдығы 98%-ға тең екенін алға тартып отыр.
UBS Credit Suisse компаниясының АҚШ-тағы ипотекалық қызмет көрсету бизнесін сатады
Reuters агенттігінің хабарлауынша, UBS Credit Suisse компаниясының АҚШ-тағы ипотекалық қызмет көрсету бизнесін сатуға келіскен. Бұл туралы UBS қаржы директоры Тодд Такнер хабарлады. Бірақ ол сатып алушы туралы ештеңе айтпады. Тек бизнесті белгілі бір консорциум сатып алатынын хабарлады. Мәміле 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтіліп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, UBS 2023 жылы Швейцарияның екінші ірі банкін – Credit Suisse-ті банкроттықтан сақтау үшін сатып алды. 3,3 млрд долларлық мәмілені билік дағдарысқа қарсы келіссөздер аясында қолға алған болатын. 2023 жылдың наурызында АҚШ-тың аймақтық банктері күйреген кезде Credit Suisse клиенттерінен айырылып, акциялар мен облигациялардың жаппай құлдырауына душар болды.