Жаңалықтар

«Отбасы банкінің» бірінші жартыжылдықтағы таза пайдасы 25%-ға төмендеді

«Отбасы банкінің» мемлекеттік субсидиялардан түсетін кірістері артты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы «Отбасы банкінің» («Бәйтерек» золдингіне тиесілі) таза пайдасы 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға төмендеді. Екінші тоқсандағы пайда да айтарлықтай азайды. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда көрсеткіш 39%-ға төмендеген. Бұл туралы банктің Қазақстан қор биржасына ұсынған (KASE) құжатында жазылған.

Қаржы институтының активтері 0,2%-ға өсті

Жыл басынан бері «Отбаса банкінің» активтері 0,2%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Сатуға арналған ұзақмерзімді активтер 3,5 есеге 630 млн теңгеге дейін артты. Ал басқа қаржылық активтер де 4 есеге, яғни 62,8 млрд теңгеге дейін өсті.

Міндеттемелер 0,3%-ға азайып, 3,4 трлн теңгеге дейін төмендеді. Ол негізінен мемлекеттік субсидиялар бойынша міндеттемелердің шамалы төмендеуіне байланысты болды. Бұған қоса қаржы институттары қаражатының жетіспеушілігі әсер етті.

Ал қаржылық міндеттемелер 8,6 есе артты

Бұл ретте басқа қаржылық міндеттемелер 8,6 есеге өсіп, 55 млрд теңгені құрады. Бұл, өз кезегінде, 44,3 млрд теңгеге дивидендтер төлеу жөніндегі міндеттемелердің туындауына, мемлекеттік бюджет ақшасының 2,3 есеге, сондай-ақ ұзақмерзімді жалға беру сомасының 10 есеге ұлғаюына байланысты болды.

Меншікті капитал 615,1 млрд теңгеге жетті. Ол жыл басындағы көрсеткіштен 3,3%-ға артық. Бұл бөлінбеген пайданың 5,7%-ға, сондай-ақ қосымша төленген капиталдың 0,5%-ға, 201 млрд теңгеге дейін ұлғаюына байланысты.

Жыл басынан бері клиенттерге берілген аванстар мен несиелердің көлемі 0,3%-ға азайып, 3,09 трлн теңгеге жетті. Негізгі көрсеткіш (43% немесе 1,3 трлн теңге) аралық тұрғын үй несиелеріне тиесілі. Алдын ала тұрғын үй несиесі 914,3 млрд теңгеге, тұрғын үй несиесі 866 млрд теңгеге берілді. Ағымдағы шоттар мен депозиттерді қамтитын клиенттердің қаражаты жыл басынан бері 0,6%-ға өсіп, 2,7 трлн теңгеге жетті. Оның маңызды бөлігін жеке тұлғалардың ұзақ мерзімді депозиттері құрайды (50% немесе 1,3 трлн теңге). Тағы 38%-ы берілген несиелер бойынша кепілге қойылған депозиттерден келеді.

Жарты жылдағы таза пайдаға қандай факторлар ықпал етті?

Жарты жылдағы таза пайда негізінен 2023 жылғы қаңтар-маусымдағы кірістермен салыстырғанда кредиттік шығындар бойынша шығыстардың артуына, нарықтық мөлшерлеменің төмендігінен шығыстардың ұлғаюына, сондай-ақ басқа да операциялық шығындарға байланысты. Бұл ретте мемлекеттік субсидиялардан түсетін кірістер, таза пайыздық маржа және соған ұқсас кірістер, сондай-ақ шетел валютасымен операциялар бойынша кірістер өсті.

Тоқсандық нәтиже

Ал тоқсандық көрсеткіш, ең алдымен, әкімшілік шығыстар, басқа операциялық шығыстар, сондай-ақ таза пайыздық маржаға байланысты төмендеді. Бұл ретте тиімді пайыздық мөлшерлеме әдісі бойынша есептелген пайыздық кірістер, мемлекеттік субсидиялар бойынша кірістер және шетел валютасымен операциялар бойынша кірістер аздап өсті.

2024 жылы «Отбасы Банкі» екі жаңа тұрғын үй – «Отау» және «Наурыз» бағдарламасының операторы болды. «Отау» бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 20% бастапқы жарнамен және 19 жылға дейінгі мерзімге 9% жеңілдетілген мөлшерлемемен ипотека ала алатын қатысушылардың тізімі қалыптастырылды. Оған 8 мың үміткер кірді.