Құқық қорғау органдары әнші Ұланғасыр Қамиевтің елдегі зорлық-зомбылыққа қатысты сөзінен заңға қайшы қылмыстық құрам таппаған. Мұны Ayel телеграмм-арнасы жазды.
Қостанайлық Саида Сисембаеваның азаматтық сауалына берген жауабында Ішкі істер министрлігі әншіге қатысты арыз қаралып, құзыретті органдар әншінің мәлімдемесінде заң бұзушылық белгілерін байқамағанын жазған.
«Ұланғасыр Камиев Instagram парақшасында диалог жүргізіп, жазылушылардың сұрақтарына жауап берген. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын жатпайды. Қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығын ескере отырып, арыз сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеусіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2017 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарламаларды қабылдау және тіркеу қағидаларының 14-тармағына сәйкес номенклатуралық іс жүргізуге есептен шығарылды», – делінген жауапта.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігінде «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер» үшін 2-7 жылға соттау немесе 2 мың 7 мыңға дейін АЕК көрсеткіште айыппұл салу туралы жазылған.
25 шілдеде Қостанай тұрғыны Саида Сисембаева әлеуметтік араздықты тудырды деп әнші Ұланғасыр Қамидің үстінен арыз түсірген. Әнші «әйелін өлтіріп қойды дегеннің бәрі – хиджаб кимегеннен басталған шаруа» деп мәлімдеген.