Жаңалықтар

Қазақстан бюджет тапшылығын қысқарту үшін шикізат экспортына баж алымын енгізуді қарастыруда

Қазақстан шикізат экспортына баж алымын енгізуі мүмкін / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан биылғы жылы бюджет тапшылығын жабу мақсатында металдар мен отын сияқты шикізат экспортына алым енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы жеке дереккөздеріне сүйенген Bloomberg агенттігі хабарлады.

Басылымның жазуынша, күкірт, көмір және ферроқорытпалар сияқты тауарлармен қатар, мыс пен темірдің кендері мен концентраттарының экспортынан ең көп кіріс күтілуде. Ұсыныс әлі де талқыланып жатыр және шешім осы айдың соңында қабылдануы мүмкін. Кейбір тауарлар тізімнен шығарылуы мүмкін.

Басылымның дерегінше, Қазақстан бюджет тапшылығын жабуда қиындыққа тап болды. Елдегі Chevron Corp. компаниясының алып мұнай кен орнын кеңейту жобасының толық іске қосылуындағы кідіріс бұл мәселені одан әрі қиындатты. Өткен айда Үкімет бюджет тапшылығын түзету үшін ұлттық мұнай қорынан 1 млрд долларға жуық қаражат алу туралы шұғыл шешім қабылдады. Сондықтан министрлік қазір экспорттық баж салығын мәселені шешудің жолы ретінде қарастыруда.

Бұл мәселе бойынша «Курсив» Қаржы министрлігіне сауал жолдаған еді.

«Уәкілетті мемлекеттік органдармен және ҰКП-мен ортақ ұстаным дайындалған кезде ақпарат бере аламыз.  Бұл процедура жоғары өңделген тауарлардың көлемін ұлғайту үшін жасалады», – деп жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет бюджет қаражатын үнемдеп, Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет шығындарын қысқартатынын туралы хабарлаған едік.