Жаңалықтар

Бірінші жартыжылдықта Kcell-дің таза кірісі үш есеге қысқарды

Kcell -дің таза кірісі үш есеге қысқарды / Фото: kursiv.media

2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Kcell ұялы байланыс операторының ХҚЕС бойынша таза кірісі 3,3 есеге, яғни 5,491 млрд теңгеге дейін қысқарды. Бұл туралы компанияның қаржылық есебінен белгілі болды.

Компанияның жалпы пайдасы 18,8%-ға, 29,491 млрд теңгеге дейін, операциялық пайда – 1,6 есеге, 16,039 млрд теңгеге, салық салынғанға дейінгі пайда – 3,4 есеге, 7,018 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Жыл басынан бері компанияның активтері 2,5%-ға өсіп, 401,020 млрд теңгеге, міндеттемелері – 1,9%-ға, 224,011 млрд теңгеге, капиталы – 3,2%-ға, 177,009 млрд теңгеге дейін өскен.

Kcell Қазақстан нарығында жұмыс істейтін үш ұялы байланыс операторының бірі. Компания нарықта негізінен корпоративтік клиенттерге қызмет көрсететін Kcell және жеке абоненттеріне бағытталған Activ брендінің иесі.

Kcell акционерлері – «Қазақтелеком» АҚ (51%), Ғалымжан Есенов (14,87%), First Heartland Jusan Bank – 9,08%, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ – 7,07%.

Айта кетейік, 1 ай бұрын бұрынғы цифрлық даму вице-министрі Асқар Жамбакин Kcell-дің басшысы болып тағайындалды. Одан кейін директорлар кеңесі де өзгерді.