Ресейліктердің шетелге ақша аударуы қиындайды: Raiffeisenbank тиісті транзакциялық қызмет қыркүйектен бастап тоқтатылатынын хабарлады

Жарияланды
Ресейде жұмыс істеп жатқан Raiffeisenbank ЕОБ шектеуіне байланысты сыртқа шетел валютасында аударым жасауды тоқтатады / Фото: kursiv.media

Санкция қысымына қарамастан, Ресейде жұмысын жалғастырып жатқан Raiffeisenbank 2 қыркүйектен бастап жеке клиенттер үшін шетел валютасында сыртқа аударым жасамайтынын хабарлады.

Банк бұл шектеулердің Еуропалық орталық банк нұсқаулығы бойынша енгізіліп жатқанын мәлімдеген.

«2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап Raiffeisenbank бұдан былай жеке клиенттердің барлық санаттары үшін шетел валютасындағы шығыс аударымдарды жүзеге асыра алмайды. Шектеу Еуропалық орталық банк бұйрығына байланысты RBI тобының шешіміне сәйкес енгізілді. Егер бұл жағдай сіздің қаржылық жоспарларыңызды бұзса, кешірім өтінеміз. Бірақ біз бұл шешімге еш әсер ете алмаймыз», – деп хабарлаған банктің қолдау қызметі.

Еуропалық орталық банк шешімімен байланысты банктің басқа қызмет түрлеріне де шектеу енгізілуі мүмкін.

Өткен жылдың 1 тамызынан бастап, Ресейлік Райффайзенбанк кассаларында жеке тұлғалардан АҚШ доллары мен еуроны қабылдау мен сатып алу тоқтаған болатын. Сол кезде бұл шешім банктің валюталық ұстанымын тиімді басқару қажеттілігімен байланысты екені айтылған.

Бірақ валюталық аударымдар және рубльді шетел валютасына конвертациялауды онлайн-банк және мобильді қосымшада жүргізу мүмкіндіктері сақталып қалған болатын. Сонымен қатар банк банкоматтары арқылы шотқа рубль салу барысында алынатын комиссия көлемі де 1 тамыздан бастап қымбаттаған еді. Ал 2023 жылдың наурыз айынан бастап банк заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге валюталық шоттар ашпайтынын хабарлаған болатын.

Еске сала кетсек, бір жыл бұрын АҚШ Ресейдің бірқатар қаржы ұйымдарына қарсы блоктау санкцияларын енгізді. АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасына сәйкес, тізімде Мәскеу Кредит Банкі (MCB), «Санкт-Петербург», «Уральсиб», «Зенит «және МТС Банкі бар. SDN тізіміне сонымен бірге Ланта-банк, Металлинвестбанк, «Левобережный», «Приморье», СДМ-банк және Урал даму банкі кірген.

Ал 2023 жылдың шілдесінде РФ-дағы 13 маңызды несие ұйымының 11-інде банкомат арқылы шетелдік валютаны енгізу опциясы жоғалды. Ресейлік Сбербанк, ВТБ банктің клиенттері де 2022 жылғы 19 сәуірден банкомат арқылы өз есеп шоттарына батыс валюталарын салу мүмкіндігінен айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз