Бүгін, 15 тамыз күні Астана уақыты бойынша сағат 8:20-да Байқоңыр ғарыш айлағының 31-ші алаңынан «Прогресс МС-28» жүк көлігі кемесі бар «Союз-2.1а» зымыраны ұшырылды. Бұл туралы Роскосмос хабарлады.
9 минутта ғарыштық жүк көлігі орбитаға шығарылды.
Кеме Халықаралық ғарыш станциясына 2,5 тоннадан астам жүк жеткізеді. Оның ішінде жабдықтар, тәжірибелік жұмыстарға арналған отын, азот, киім, су және экипажға арналған тамақ бар. Сондай-ақ ғалымдарға аспан сферасын рентген диапазонында тексеруге мүмкіндік беретін СПИН-X1-МВН рентгендік спектрометрі бар.
Ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына 17 тамызда қонады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Халықаралық ғарыш станциясына маусым айында барған екі ғарышкер Boeing Starliner кемесіндегі ақауға байланысты жерге қайта орала алмай қалды.
Ғарышкерлерді халықаралық ғарыш станциясына 2025 жылдың ақпанында көтерілетін Crew Dragon кемесімен қайтару мәселесі талқыланып жатыр.