Жаңалықтар

Астана қаласы мен облыс әкімдіктері түлектерге арнап 2,5 мыңға жуық грант бөлді

2024/2025 оқу жылына жергілікті әкімдіктер 2475 білім грантын бөлді / фото: Shutterstock.com

2024/2025 оқу жылына жергілікті әкімдіктер 2475 білім грантын бөлді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 858 грантты Астана әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу мен Қызылорда облысы – 100 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген. Ал Алматы мен Шымкент қалаларында әкімдіктен грант бөлінген жоқ.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды тапсырады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа ілінбей қалған абитуриенттерге қосымша 10 мың грант бөлінетіні туралы айтқан еді.